25 нау, 2021 сағат 17:30

Карантин: «Миссис Ақтөбе» байқауын ұйымдастырғандарды санитар мамандар тексереді

«Сары» аймақтағы карантиндік шектеуді ескермегендер «Миссис Ақтөбе» байқауын ұйымдастырды. Қазір облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті БАҚ-та жарияланған материалды тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысы қазір «сары» аймақта тұр. Өткен тәулікте өңірде 50 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 40-ы вирустың симптомды түріне шалдыққан. 

Оның көбі Ақтөбе қаласының, өзгесі Мұғалжар, Алға, Ойыл, Темір аудандарының тұрғыны. Ауру көрсеткішінің өсу деңгейі 1% құрады. 

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың бас санитар дәрігері карантин кезінде байқау өткізгендерге қатысты түсінік берді.

«Бұл үлкен шараны өткізу үшін рұқсат алған ешкім болмады. Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен рұқсат берілмеді. БАҚ естіген соң мәдениет басқармасы мен мониторинг топқ сұраныс жіберілді. Олардан шағым түссе, тексеру жүргізіліп, ұйымдастырушыға әкімшілік шара қолданылады», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Айта кетейік, облыс бойынша барлығы 4854 жағдай тіркелсе, оның 90% жазылды. 

Науқастармен қарым-қатынаста болған 1 мыңға жуық адам үй карантинінде. 

Олар екі апта дәрігер бақылауында болады. Қаңтарда 26, ақпанда 33, наурызда 63 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталған. 

Жыл басынан бері 34 мұғалімнен COVID-19 тіркелді. Қаңтарда 4, ақпанда 12, наурызда 18 жағдай анықталды.

«Қазір жансақтау бөлімінде 13 науқас жатыр. Оның екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.