08 там, 2017 сағат 07:01

Өмірін өнерге айналдырған суретші

Өнер адам таңдамайды. Мейлі, ол ер не әйел, бай немесе кедей, тіпті туғанынан алғыр, білімге құштар кісі, әлде сауат ашып, дүниені біліммен тануға құлқы жоқ адам болсын. Құдай өнерлі етіп жаратса, таудай талант бармақтай баққа себеп болып, талайды таңдандырады. Бойға біткен өнер иесін еңбекқор, жігерлі, білімді етеді. Жаратушы өнер дейтін кереметті көзбен көріп, нақты қолмен ұстауға келмейтіндей етіп, тек адамның көкірегіне көмкеруді жөн көрген-ау...

Ол керемет кеудеге сыймай бұлқынып, жаратылыстың тек жарқын тұстарын жүрекпен сездіріп, қиял әлемін бөлек түрмен танытып, көңілді мың құбылтып барып ғажап бір құдіретпен дүниеге келеді. Ол – өлең, ол – шығарма, ол – мүсін, ол – сурет, ол – әуен. Бұл ғажаптар шабыт дейтін көңілдің аласапыран күйінен туындайды. Өнерлі кісі ғалам мен адам арасындағы алшақтықты жақындатып, сол бір жұмбаққа толы нәзік байланысты сезініп, сезіндіреді. Мысалы, өнердің өзіңе ұнайтын түрі болады: ән, өлең, сурет, мүсін, күй, т.б. Неліктен сізге өнердің дәл «сол» түрі ғана ұнайтыны жөнінде ойланып көрдіңіз бе? Себебі сіздің жүрек пернеңізді дөп басып, көңіліңізді қуантатын өнердің «осы» түрі жаныңызбен өзара үндестік тауып, әлгі нәзік әлемнің сиқырлы қуатын ұғындырады. Күйбең тіршіліктен бөлек, сананы серпілтер күші өзіне еріксіз елтіп әкетеді...

Сонымен қатар, өнерлі кісінің туындысы арқылы өзіндік таным-түсінігін мәлім етіп, айналасына арнайы «айтары» болатыны хақ. Ұғынған жұрт қана туындыдан автордың айтпағын ажыратып, сүйсініп жатады, шын өнерді бағалай біледі.

ҚР Ұлттық музейінде 9 тамыз күні әлемдік антиядролық қозғалыстың белсендісі, «Атом» жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтың көрмесі өтпек. Суретші ядролық сынақ жүргізілген нәубетті жылдары Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінде-ақ қамқор әкесі екі қолсыз туған баласына жасанды қол жасап беруге асығыпты. Осы мақсатпен Ленинградқа жетіп, ары қарай Мәскеуден білім алады. Мектеп аяқтаған соң, бухгалтерлік мамандық бойынша тағы оқыпты. Бірақ, туа біткен өнер қойсын ба, өмірді өзгеше таныған талантты тұлғаны сурет салуға құмар етіпті. Бала кезінен қылқаламды аяғының башпайларына қысып алып, сурет салған. «Жасанды қолдың көмегі болды ма?» деген сұраққа суретші: «Онша бола қоймады. Ауыр, ыңғайсыз еді. Көпшілік арасына шыққанда, қоғамдық көлікке мінгенде қолданып жүрдім. Кейінірек мүлде қойдым. Сурет салу ғана емес, күнделікті тіршіліктің ұсақ-түйек шаруаларын да (кір жуу, тамақ жасау, үй жинау т.б.) аяқтың көмегімен атқарып үйренгендіктен, жасанды қол аса қажет болмады», – деп жауап берді. «Мен дүниеге келгенде ата-анамның қуана қоймағаны түсінікті. Осыны жастайымнан түйсінген соң, ең бірінші әке-шешеме өзімнің кәдімгі бала екенімді, менің де ел қатарлы қолымнан іс келетінін, мен де адам секілді ойлана алатынымды дәлелдегім келді. Кейінірек осы мақсат өмірлік ұстанымға айналды», – деп Кәріпбек Күйіков әңгімесін жалғастырды.

К. Күйіковтың туындылары ядролық қарудың құрбанына айналған аяусыз тағдырларға тіл бітіреді. "Құбыжықтай" болып туған нәрестесін құшағына қысып мейірленген ана, адам бейнесінен алыс тіршілік иесінің адам болып өмір сүруге талпынысы, тағатсыздана күткен ұрпағының белгісіз "мақұлыққа" айналғанын көрген әкенің шарасыз күйін бейнелейтін түрлі туындылар жүрегіңді дір еткізбей қоймайды.

«Өткен жылы Хиросима, Нагасаки қалаларында болып, халықпен жүздесіп, мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, ядролық қарудың зардабы туралы айтқанымда, көпшілік таңданыспен қабылдады. Оларға қарағанда қазақстандықтардың ядролық қарудан шеккен зардабы басым екенін жапондықтар біле бермейді екен. Мені көріп қатты таңданды. Ядролық қаруға қарсылықты насихаттайтын туындыларымның көрмесін ол жақта да өткіздім. Нью-Йорг, Вашингтон, Чехия, Берлин, Швейцария, Голландия аймақтарында да көрмелерім өтті. Оны тамашалап, өзімді тыңдаған көпшілік, қай ұлт болмасын, «Атом» жобасы арқылы онлайн түрде бірден ядролық қаруға қарсы дауыс береді» – деп, суретші атом бомбасына қарсы жасалып жатқан шаралардың нәтижесін де айта кетті.

Қазақстанда 1949-1989 жылдар аралығында 450-ден астам ядролық жарылыс жасалды. Біздің елімізде сынақтан өткізілген ядролық қарудың күші 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе артық болған. Осының нәтижесінде қазақ даласының үш жүз мың шақырым жері ядролық жарылыстан уланып, 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен.

«Берік» деп аталатын мына туындыда дәл осы кейіпте дүниеге келген жігіт бейнеленген. Ол қазір Семей қаласында тұрады. Беріктің көзі көрмейді. Арнайы операция жасалғанымен, ешқандай өзгеріс болмаған. Бір ғажабы ол домбыра тартады, ямахада ойнайды. Ол да өнер адамы екен.

«Ядролық қаруды жоюды қолға алмасақ, болашақта балалардың зардап шегетіні түсінікті. «Бұрышта» деп аталатын мына туындыда бүгінгі ақылсыз жасалған қадамдар арқылы ертеңгі ұрпақты шарасыз күйде қалдыруымыз мүмкін дегенді айтқым келді», – дейді суретші.

Сурет көрмесін Қазақстанның көп қалаларында ұйымдастырған К. Күйіков шарадан түскен кірісті ядролық қарудан зардап шеккен, өзімен тағдырлас бауырларына берген. Кейде өндіріс орындарында көрме ұйымдастырып, сол өндіріс орнының өнімін қайырымдылыққа жұмсапты.

Тәңір жазған тағдырға төзумен, көндігумен қатар, кәдімгі «адам» санатына қосылып, тіршілік етуді, өзін айналасына «адам» ретінде танытып, мойындатуды көздейтін полигон құрбандарының мұң-зарын суретші көркем жеткізген. Қарап тұрып күрсіндім. Қазақ тарихындағы қасіретті жылдар елесі көзім алдымда көлбең қаққандай болды. Санаммен сезінген амалсыздық жан-дүниемді өртеп жібергендей күй кештім.

Суретші Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орнына бейнелеу өнері мамандығы бойынша екі рет оқуға тапсырыпты. Бірақ университет ректоры суретшіні «өзге студенттер сурет сала ма, жоқ әлде саған қарап отыра ма?» деп оқуға қабылдамаған. Осыдан кейін ол сүйікті мамандығын ұстазсыз, өзі жалғастырып келеді.

Кәріпбек Күйіковпен әңгімелескен соң, өнердің адамды ғана емес, тағдырды да таңдамайтынын ұғындым. Қолы жоқ кісіге сурет салуды ұсынған тағдырға кінә артпай, керісінше кеудесіне құйылған көркемдікті амалын тауып, айналасына жеткізе алған суретшіге сүйсіне қарадым. «Тағдырдың сынына не шара?» деп тосылмай, бүкіл әлемге өзін, өнерін, мақсатын танытып, ядролық қарудың жойылуы үшін аянбай еңбек етіп, сонымен қатар өзімен тағдырлас жандарға қолдау көрсетіп жүрген Кәріпбек Күйіковтың қайсар рухына сүйсінбеске амал жоқ.

Ләйлә Ноғайбек,

Ұлт порталы