26 жел, 2022 сағат 14:10

Агенттік Боранбаевтың ісіне қатысты ақпарат жариялады

Фото: Mcdonalds.kz

Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаев ісінің жай-жапсарын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚМА мәліметінше, "АзияГазЧунджа" ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов және Qazaq Gaz АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзаққа сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 миллиард теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру деректері бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталған. 

"Бас прокуратура 23 желтоқсанда істі соттың қарауына жіберді. Ұлттық компанияға келтірілген залал Qazaq Gaz АҚ шоттарына аудару арқылы толық көлемде өтелді.

Аяқталған іс шеңберінде азаматтық талап қою және мүлікті тәркілеу бөлігінде үкімнің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында айыпталушылардың 38 миллиард теңге сомасындағы ақшалай қаражатына, 15 жылжымайтын мүлік объектісіне, 3 автокөлік құралына тыйым салынды" - делінген хабарламада.

Агенттік Қайрат Боранбаевқа және басқа адамдарға қатысты газ экспорты кезінде ұрлау және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру дерегі бойынша бөлінген істер шеңберінде соталды тергеуді жалғастырып жатыр.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.