01 мам, 2020 сағат 08:27

Қазақ елі мені өз баласындай тәрбиеледі – Антонина Евдокимова

Ақтөбенің шалғай ауданында тұратын Антонина Евдокимованың ұлты орыс болса да қазақы тәрбие алған. Бір ауылдағы жалғыз өзге ұлт өкілі қазір Таня әже атанып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Антонина Евдокимова Ырғыз ауданының Ақши ауылында тұрады. Қария немере-шөбере қызығын көріп, ауылда «Таня әже» атанып кетті. Ол 1953 жылы Өзбекстанның Сейхундария облысына қарасты Термез қаласында дүниеге келген. Әкесі әскери қызметкер, анасы дәрігер болды. 1964 жылы анасының жұмыс бабымен шалғай, қазақ ауылына қоныс аударды. Содан бері алысқа ұзап шыққан емес.

«Мен қой қырқып, сиыр сауып, пішенде жүрдім. 1969 жылдың шілде айында Амангелді Бөлекбаев әскерден келіп, тұрмыс құрдым. Өзім 11 құрсақ көтерген едім. Қазір 5 балам бар. Қайын інімнің жетім қалған төрт баласын бауырыма басып, өсірдім, төрт ауыл еттім. Балаларым да көпбалалы», - деді Антонина Евдокимова.

Ырғыз ауданының бірнеше ауылы мен облыс орталығындағы балалары қарияның жан жылуы, жүрегі. Денсаулығы мығым, жүріс-тұрысы ширақ Таня әже зейнетке шыққан соң тоқыма тоқыды. Немерелеріне қажетті жылы киімнің бәрін өзі түгелдеп беріп отыр.

«Жүн түтіп, ұршық иіремін. Немерелерімді киіндіремін, сұраған адамдардың өтінішін аяқсыз қалдырған емеспін. Бұл анамнан қалған өнер», - деді ол.

Қазақ отбасына келін боп түскен күндерін еске алған қария елгезектігінің арқасында үлкен мен кішіге ізет көрсетіп, бүкіл ауылдың анасы атанды.

«Жан-жағыңа қара, не істесе, соны қайтала» деп атам айтқан еді. Сөйтіп жүріп тілді үйрендім, тез араласып кеттім. Қазір қазақша сөйлеймін. 50 жылдан астам уақытта орыс тілін де ұмыта бастадым. Салт-дәстүрді білемін. Келін түсіну, оны тәрбиелеу, бала өсіру, қонақжайлылығы бәрі-бәрі мен үшін ыстық. Үйлену тойы, туған күн, сүндет той да қазақ дәстүрімен өтеді. Қазақ елі мені ортаға алып, өз баласындай тәрбиеледі. Сондықтан алғысым шексіз», - деді Антонина Евдокимова.

Ол ән де айтады. Қоғамдағы ерекше белсенділігі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай ауданның «Жыл адамы» атанды.

«2010 құрылған әжелер ансамблінің мүшесі өте белсенді. Ауыл, аудандағы шараларға қатысып жүр. Марапаты көп, мақтаулы қария», - деді ауыл клубының мәдени жұмысын ұйымдастырушысы Күнсұлу Қапизова.