12 там, 2025 сағат 11:53

Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізіледі

Фото: ҚР ОАМ

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің білім беру жүйесінде жасанды интеллект (AI) элементтері кезең-кезеңімен енгізіледі, деп хабарлайды Ult.kz.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өзгерістер білім беру саласындағы жаһандық үрдістер мен халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып жүзеге асырылады. Жүйе Қазақстандағы білім беру ерекшеліктері, мамандардың пікірі және оқушылардың қажеттіліктері негізінде құрылады.

2025–2026 оқу жылында AI интеграциясы ең алдымен «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінде басталады. Бұл бағытта жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарттары бекітілді. Оқушыларға арналған Day of AI онлайн-курстары, ал мұғалімдер үшін үш деңгейлі біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленеді.

Сонымен қатар, министр жаңа форматтағы «Келешек мектептерін» басқару мәселелеріне тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа басқару стандарты дайындалды. Ұлттық жоба мектептерінде жұмыс істейтін 3 мыңнан астам педагог үш кезеңнен тұратын оқудан өтті. Жаңа модель қыркүйектен бастап іске қосылады. Әдістемелік сүйемелдеу Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академияға жүктелген.