Фото: Pexels.com
Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка қаласындағы мектепте 10 желтоқсан күні сабақ үстінде төтенше жағдай болды. Химия пәнінің мұғалімі 9-сынып оқушыларына тәжірибе көрсетіп жатқан кезде кенеттен жарылысқа ұқсас «хлопок» болып, ұстаздың киімі отқа оранған, деп хабарлайды Ult.kz HALYQSTAN Телеграм каналына сілтеме жасап.
Оқушылар бірден әрекет етіп, мұғалімнің үстіндегі жалынды сөндіріп үлгерді. Балалардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Ал 24 жастағы мұғалімнің беті, көкірек тұсы және қолдары күйіп, оған екінші дәрежелі күйік диагнозы қойылды. Алда оны ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр.
Бастапқыда мұғалім дәрігерлерге үйде, пеш жағып жатып күйіп қалғанын айтқан. Дегенмен жедел жәрдем журналында оқиға орны К. Салықов атындағы орта мектеп деп нақты көрсетілген. Бұл полицияның күдігін туғызды.
СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеріс барысында оқиғаның сабақ кезінде химиялық эксперимент жасау барысында болғаны анықталды.
– Оқушының қатысуымен жалын дереу сөндірілген. Мұғалім қауіпсіздік талаптарын сақтамаған, – деп мәлімдеді ведомство.
Білім басқармасы да оқиға расталған соң қызметтік тексеріс бастаған.
– Тексеру қорытындысы бойынша мектеп директорының міндетін атқарушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал химия мұғалімі жұмысқа шыққаннан кейін қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін жазаланады, – деп хабарлады басқарма.
Оқиғадан кейін өңірдегі барлық мектепте қосымша қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтар өткізілген. Сонымен қатар еңбек инспекциясы да бұл жағдайға құқықтық баға беріп, еңбек қауіпсіздігінің сақталуын тексереді.
