27 ақп, 2023 сағат 18:38

Қазақстан "Шенгеннің қара тізіміне" енді ме - СІМ өкілі жауап берді

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Шенген визасын беру кезінде азаматтары үшін қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесіне Қазақстанды енгізу мәселесі туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы күшіне енген Қазақстан және Еуропалық одақ пен оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, тараптар ҚР және Еуропалық одақ азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздер жүргізу мәселесі жөнінде жан-жақты диалог жүргізуге келісті, сондай-ақ адамдар арасындағы байланыстарға жәрдемдесу және кеңейту міндеттемелерін қабылдады.

Бұл ретте Қазақстан 2017 жылдан бастап Еуропалық одақ құрамындағы барлық мемлекеттің азаматтарына елімізге келу үшін визасыз режим енгізді. Қазір СІМ визалық рәсімдерді жеңілдету және азаматтарымыз үшін өзара қолайлы тетіктерді әзірлеу мақсатында еуропалық әріптестерімізбен консультацияларды жалғастырып жатыр. Жақын арада Еуропалық тараптан нақты қадамдар күтеміз" - деді СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.

Ведомство өкілінің сөзінше, биыл Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында қарқынды дамып келе жатқан дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы атап өтілді, сондай-ақ тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша әріптестікті одан әрі нығайту және ілгерілету үшін жұмыс істеп жатыр.

"Қазақстанның қандай да бір тізімге енгізілгені туралы мәселеге келетін болсақ, біз еуропалық тараптан ресми хабарлама алған жоқпыз. Алайда жұмыс тәртібінде бізге келесіні хабарлады - 1 наурыздан бастап Қазақстан Шенген визасын беру кезінде бұдан былай азаматтары үшін қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесінде болады. Сонымен қатар Шенген келісімінде «қара» немесе «қызыл» тізім деген ұғым жоқ, онда әдеттегі жұмыс процесі туралы айтылған.

Біз түсінгендей, мұны Шенген келісімінің бір елі сұратты, өйткені Еуропалық одақ ережелеріне сәйкес, Еуропалық одақ пен Шенген аймағы елдерінің виза алуға өтініш берген үшінші елдердің азаматтарына қатысты қосымша консультациялар бастауға құқығы бар.

Мұндай консультациялар жеті күнге созылуы мүмкін. Бұл ретте визалық сауалнамаларды жалпы қараудың стандартты мерзімі бұрынғыдай қалады – 15 күнге дейін, яғни іс жүзінде біздің азаматтарымыз үшін визаларды қарау рәсімінде қандай да бір өзгерістер күтілмейді. Қайталап айтқым келеді - іс жүзінде біздің азаматтар үшін визаларды қарау рәсімінде қандай да бір өзгерістер болмайды" - деді Смадияров.

Оның айтуынша, азаматтарына қатысты қосымша консультациялар басталуы мүмкін 40 ел кіретін тізім «қара тізім» деп аталмайды, өйткені олардың арасында Еуропалық одақпен тығыз қарым-қатынастары бар және қауіпсіздік жағынан қолайлы Орталық Азияның барлық елдері және Әзербайжан, Армения, Марокко, Тунис, Иордания, Вьетнам сияқты бірқатар ел кіреді.