25 сәу, 2025 сағат 15:54

Қазақстанда алтын құрамды материалдарды заңсыз өндірумен айналысқан кәсіпорындардың қызметі тоқтатылды

Фото: Polisia.kz

Қазақстанның Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында алтын құрамды материалдарды заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан бес кәсіпорынның қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің Бас прокуратураның үйлестіруімен жүргізген тексеру барысында аталған кәсіпорындардың тек геологиялық барлау жүргізуге лицензиялары бола тұра, арнайы техника мен өндірістік жабдықтарды пайдаланып, алтын құрамды кенді кең көлемде заңсыз өндіргені анықталды.

Тінту кезінде 6 700 тоннадан астам алтын құрамды кен, 300 тонна сұйық кен (пульпа), 120 тонна селитра, жарылғыш заттар мен детонаторлар тәркіленді. Сонымен қатар оқиға орнынан 45 арнайы техника алынды.

Полиция бөліміне 62 адам жеткізілді, оның ішінде бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің директорлары мен құрылтайшылары бар.

"Анықталған заң бұзушылықтар бойынша құрамында бағалы металдар бар шикізаттың заңсыз айналымы фактілері бойынша бес қылмыстық іс тіркелді. Мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірілгені анықталды, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.