27 нау, 2026 сағат 11:02

Қазақстанда Дүниежүзілік театр күні атап өтілуде

Фото: ашық дереккөз

27 наурыз – Дүниежүзілік театр күні. Бұл күн сахна өнерінің өкілдері үшін ерекше маңызға ие мереке, деп хабарлайды Ult.kz.

Театр – көрерменнің талғамын қалыптастырып, ой мен сезімді тербететін, қоғамға өзін және өз дәуірін терең тануға мүмкіндік беретін ерекше өнер кеңістігі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, театрлардың дамуы – елдің мәдени деңгейінің маңызды көрсеткіші.

Бүгінде Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Әсіресе, жастардың сахнаға деген ықыласының жоғары болуы байқалады. Қазіргі таңда елімізде 70-тен астам театр жұмыс істейді, оның 57-сі – мемлекеттік.

2025 жылы мемлекеттік театрларда 410 жаңа қойылым сахналанып, 539 гастрольдік сапар ұйымдастырылды. Жалпы көрермендер саны 2,8 миллионнан асса, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында ғана 170 мыңнан астам адам театр қызметін пайдаланған.

Мәдениет саласының маңыздылығы ел Конституциясында да айқын көрініс тапқан. Онда ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде белгіленген. Сонымен қатар әрбір азаматқа мәдени мұраға ұқыпты қарау жауапкершілігі жүктелген.

Қазіргі таңда қазақстандық театрлар халықаралық деңгейде де табысты өнер көрсетіп, түрлі фестивальдерде жоғары бағаланып келеді. Бұл өз кезегінде елдің мәдени имиджін нығайтуға ықпал етуде.

Осыған орай, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева театр қайраткерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.