02 мам, 2024 сағат 10:57

Қазақстанда ең көп тараған адам есімі мен тегі анықталды

© Sputnik / Болат Шайхинов

2021 жылы болған соңғы халық санағы бойынша Қазақстанда ерлер мен әйелдер арасында ең көп таралған есімдер Азамат пен Аружан.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Азамат есімді 63 мың ер адам және Аружан есімді 73 мың әйел бар. Қазақстанда 33 мыңнан астам есім 10 реттен , 29 мыңнан астам тек 100-ден астам рет кездеседі екен. Елімізде сан жағынан қазақтардан кейінгі ұлттар орыстар мен өзбектердің де аты-жөні кең тараған.

10 000-нан астам рет 136 ер және 146 әйел есімдері кездеседі. Осылайша, ер адамдар арасында ең танымал есімдер Азамат (63 мың адам), Серік (53 мың адам), Марат (50 мың адам), әйелдерде – Аружан (73 мың адам), Мадина (59 мың адам), Динара (59 мың адам) болды.

Ерлер мен әйелдер арасында бір мезгілде танымал болған есімдер – Бақыт пен Сәулет. Ерлерге де, әйелдерге де тән есімдері бар адам саны – 585 мың.


Фото: stat.gov.kz

Қазақ есімдері ішінде "бай", "бек", "жан", "хан" сияқты есім жалғаулары ең көп таралған. Атап айтқанда, "бек" өткен ғасырда кең танылған есім жалғауы болды. Алайда, бірақ оның танымалдығы 2000 жылдардан кейін төмендей бастаған. Ал "хан" жалғауы соңғы 30 жылда тұрақты түрде өскен.

Әйел есімдерінде ең жиі кездесетін "гүл" сөзі 1950 жылдардан бастап 2000 жылдарға дейін өте танымал болған.

Электрондық кесте деректеріне сәйкес, қазақтардың қысқа есімдерді көбірек ұната бастағанын да байқауға болады. Бір қызығы, 70-80-ші жылдарды қоспағанда, ерлердің есімдері әйелдердікінен ұзағырақ болған.

Фото: stat.gov.kz

Қазақстанда 10 000-нан астам рет 69 қазақ тегі кездеседі. Осылайша, қазақтың алғашқы тектер үштігіне Ахметов (56 мың), Серік (39 мың), Омаров (36 мың) кіріп отыр. Қазақтар арасында ов, ев, ин (ова, ева, ина) жалғауларына аяқталған тектер үлесі 64% құрайды. Алайда, әр жылы туғандардың тектерін талдасақ, аталған жалғаулары бар тектер үлесінің азаю динамикасын байқауға болады.

Көптеген қазақстандықтар әкесінің аты дегенде -вич, -вна жалғауларынан гөрі ұлы/қызы дегенге көшіп жатқанын анықталды. 

Фото: stat.gov.kz

Сондай-ақ Қазақстанда атымен де, тегімен де аттас азаматтар саны аз емес. Осы ретте Серік Ахметов (415) пен Айзере Серік (517) деген есімі мен тегі бірдей адамдар ең көбі екен.