27 сәу, 2023 сағат 14:38

Қазақстандық болуды армандаймын - ресейлік блогер

Видеодан алынған кадр: YouTube/ALGA PETERBURG

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алғыс алған ресейлік блогер Иван Червинский Ресей төлқұжатынан бас тартып, Қазақстанға көшуге дайын. Бұл туралы ол Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы кулуарында журналистерге айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Червинскийдің айтуынша, ол бірнеше жыл бұрын Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы әсерінен елімізге қызығушылық танытқан. Содан бері Иван әлеуметтік желідегі көптеген оқырманына Димаш феномені, Қазақстанның мәдениеті, еліміздің басқа да таланттары және т.б. туралы айтып келеді. Сонымен қатар блогер өзін қазақпын деп санайды және біздің елге көшуді армандайды.

"Менің жаным қазақ сияқты. Қазақстаннан шыққан ата-бабаларым болған шығар. Әкем - украин, шешем - орыс. Мүмкін, түбімде түркі тамыры бар шығар, - деп сұраймын. Анам бар дейді", - деді Иван журналистерге.

Червинскийдің айтуынша, біздің елде қос азаматтыққа тыйым салынғандықтан, ол ресейлік төлқұжатынан бас тарту туралы шындап ойланып жүр.

"Мен Қазақстанның толыққанды азаматы болуды армандаймын. Бірақ дәл қазір мұны істеу туралы ойлап, Қазақстанда бес жыл тұру керек екенін білдім (азаматтық алу үшін. - еск.). Бірақ менің ойымша, егер қазақ болғың келсе, бес жыл мәселе емес", - деді ол.

Еске салайық, бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясынан кейін Мемлекет басшысы бейбітшілікті, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін марапаттар тапсырған болатын. Тоқаев басқалардың қатарында белгілі блогерді де атап өтті.