09 жел, 2022 сағат 13:35

"Қазақстандықтарға 193 мыңнан төленеді" - Фейк


WhatsApp-та  еліміздің әрбір азаматына "193 817 лв" мөлшерінде төлем жасалатыны туралы хабарлама тарап жатыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлаудан кейін мәлімдеген екен. Stopfake.kz порталы ақпараттың жалған екенін хабарлады.


Хабарламаны оқығанда көзге түсетін бірінші нәрсе - адамдарға қаражат төленетін валюта - лв. Бұл - болгар ұлттық валютасының белгісі, яғни "лев". Қазақстанда бұл валюта пайдаланылмайды және ешқандай мемлекеттік төлемдер жүргізілмейді.

Сонымен қатар төлемді алу үшін қандай да бір ресми ресурсқа емес, Fi-fa Qatar мекен жайы бойынша сайтқа өту ұсынылатынына назар аударған жөн. Іс жүзінде ҚР азаматтары атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінімдерді тек eGov.kz порталында ғана бере алады. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке қайта сайланған жағдайда, жаппай ақшалай төлемдер жасалатыны туралы сөзі де шындыққа жанаспайды. Оның сайлауалды науқанында бұл туралы ештеңе айтылған жоқ. 

"Хабарламада аталған қазақстандықтарға төленетін төлемдер туралы БАҚ-та да, мемлекеттік органдардың ресми сайттарында да ақпарат жоқ. Демек, таралған хабарлама өтірік.

Мұндай платформаларды кибер алаяқтар жасайды. Осылайша, олар пайдаланушылардың жеке деректерін иемденіп, оларды өз мақсаттарында пайдаланады", - деп жазады портал.