26 қаң, 2024 сағат 13:38

KEGOС басшысы сенатор ұсынысы туралы: Ресейден қосымша электр желісін тартудың қажеті жоқ

Фото: ашық дереккөзден

KEGOС акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов сенатор Әсем Рахметованың Ресейдегі Омбы, Түмен облыстарынан солтүстік өңірлерге газ тартуға қатысты ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Сенаторлар елдің солтүстік өңірлеріне Ресейдің Түмен, Омбы облыстарынан қосымша электр желісін тарту туралы ұсыныс айтып, сауал жолдаған еді. Электр тапшылығын Ресейге тәуелділік арқылы шешетін болсақ, АЭС салудың қажеті қанша? Осы туралы ойыңыз қандай?» - деп сұрады журналист.

KEGOС басшысы ондай желінің Қазақстанға қажеті жоқ екенін түсіндірді.

«Біріншіден, қосымша желі тартудың қажеті жоқ. Екіншіден, біз Екібастұздан Жамбылға дейін тұрақты ток жүйесін саламыз. Ол қосымша желі солтүстіктен оңтүстікке қажетті электр қуатын тасымалдайды.

Түменнен, Орынбордан желі тарту ұсынысына келсек, Екібастұздың әлеуетін алайық. Біздегі ең үлкен қосалқы станция сонда. Ресей Федерациясынан Екібастұзға дейін қазіргі бос тұрған жүйелеріміздің қуаты 2,5 ГВт. 2,5 ГВт, бұл – үлкен қуат. Сондықтан бізге Ресейден қосымша желі тартудың онша қажеттілігі жоқ», - деді Нәби Айтжанов.