26 шіл, 2016 сағат 14:45

Хәлі мүшкіл Суретшілер одағы. Әлеумет назарынан сырт қалған өнер иелері

Қазақстанда іргетасы Кеңес одағы дәуірінде қаланған Жазушылар одағы, Журналистер одағы, Композиторлар одағы, Суретшілер одағы, Сәулетшілер одағы, Театр қайраткерлері одағы, Кинематографистер одағы секілді түрлі шығармашылық одақтар күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Тек олардың статусы өзгерген. Бұрын бұлардың бәрі мемлекеттік мекеме дәрежесінде болса, бүгінде қоғамдық ұйымдар санатында.

Кезінде бұл одақтардың бәрі мемлекет идеологиясы үшін қызмет етіп, мүшелерінің еңбектері бағаланды, тегін тұрғын үй берілді. Түрлі марапаттарға да ие болды. Алайда еліміз егемендігін алып, қоғамдық дамудың нарықтық экономикаға негізделген түріне көшкелі бұрын мемлекет қамқорлығында болған көптеген ұйымдар тәрізді шығармашылық одақтар да өз бетінше өмір сүруге көшті. Енді бұндай одақтар демеушілер көмегіне сүйеніп қаражат тауып жұмыс жүргізбесе, басқалай қаржы көзі олар үшін жабық деген сөз…

Қоғамдық негізде жұмыс істейтін ұйымдарда бір ғана тұрақты қаражат көзі бар, ол да болмашы тиын-тебеннен тұратын мүшелік жарна.

Мүшелік жарна демекші, жақында ғаламтор беттерінде «Қазақстан Суретшілер одағының жүзден астам мүшесі ұйымнан шығарылғалы жатыр» деген ақпарат пайда болды. «Бақсам , бақа екен» демекші, әлгі шулы ақпараттың пайда болуының негізінде мүшелік жарнаға қатысты әңгіме жатыр екен. Біз соның анық-қанығын білейік деп, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы Басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Жұбаниязов Өмірбек Орынбасарұлына жолығып, мән-жайды сұрадық. Ол кісі біздің сауалдарымызға рет-ретімен былайша жауап берді:

– Иә, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының пленумының шешімі бойынша ұзақ уақыт бойы мүшелік жарна төлемеуіне байланысты 138 адамды Суретшілер одағы мүшелігінен шығару туралы әңгіме болғаны рас. Бірақ біз оларды үзілді-кесілді шығарамыз деп бұйрық бергеніміз жоқ. Тек мүшелік жарнаны ең кемі 3 жыл бойы төлемегендердің тізімін беріп, егер Суретшілер одағы пленумының жарна төлеу туралы бұйрығы орындалмаса бұл талап үдесінен шықпаған тұлғалардың мүшеліктен шығарылатынын ескертіп, оны Қазақстан Суретшілер одағының сайтына салып қойдық. Сондықтан бұл арада ешқандай жасырын әрекет жоқ. Тіпті біз 2 жыл жарна төлемегендерді тізімге қосқанымыз жоқ. Жаңағы тізімдегі 30 адам 12 жыл бойы жарна төлемеген!

Бізде мүшелік жарна, бар бол­ғаны айына 200 теңге ғана, бір жылға есептесек 2400 теңге. Ал зейнеткер мүшелер оның жартысын ғана төлейді. Салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстан Жазушылар одағының жарнасы айына 500 теңге болса, Дизайнерлер одағында 600 теңге.

Біздің одақта мыңнан аса мүше бар. Суретшілер одағына мүше болатын тұлғалар одақтың жар­ғы­сымен танысады. Одаққа мүшелікке құжат тапсырар алдында Басқарма төрағасының атына арыз жазып, онда жарғымен танысқанын, ондағы шарттарды орындайтынын білдіреді. Сізге бұның анық болуы үшін жарғының осы мәселеге қатысты жерін келтірейін:

2009 жылдың 23 сәуіріндегі Қазақстан Республикасының Сурет­шілер одағының ХVI съезі бекіткен, өзгерту­лер және толықтырулармен бірге «Қазақстан Республикасының Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі жарғысының 4-бөлімінің 7-бабында былай делінген:

4.7. Суретшілер одағының мүше­лі­гінен шығару келесі жағдайларда жүр­гізіледі:

а) Суретшілер одағының мүшесі Суретшілер одағының Жарғысында тұжырымдалған қағидаларды бұзған және оның қызметі Суретшілер одағының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмеген жағдайда;

б) Суретшілер одағына материал­дық және моральдық зиян келтіретін және беделіне дақ түсіретін қоғамға қар­сы сипаттағы іс-әрекеттерді жаса­ған жағдайда, ҚР баспасөз бетінде және құқық қорғау органдарында Суретшілер одағының сайланған органдарын құқық бұзушылықтарды жасады деп негізсіз айыптағаны үшін;

в) 1 (бір) жылдан астам уақыт ішінде мүшелік жарналарды төлемеген жағдайда;

г) өз тілегі бойынша.

Суретшілер одағынан шығару туралы шешімді облыстық филиалдың суретшілер жиналысының немесе Суретшілер одағы секретариатының, Суретшілер одағының Ардагерлер кеңесімен келісілген шешімі ұсыныл­ғаннан кейін, Суретшілер одағының Басқармасы қабылдайды.

Суретшілер одағынан шығару туралы шешімге Суретшілер одағының кезекті Съезінде шағымдануға болады.

Көріп отырсыз, біз жарғыға сүйеніп отырмыз. Демек, бұл мәселеде бізді кінәлау орынсыз. Сосын тағы бір айтатын нәрсе – қазір сайттағы борышкерлер тізіміне қарасаңыз 115 адам қалғанын көресіз. Неге? Өйткені, 23 адам жарналарын төлеп, қарыздарынан құтылған. Яғни біз жарнаның қарызынан құтылғандарды тізімнен алып тастап жатырмыз. Ал енді жарна қарызынан құтылмағандардың мәселесі алдағы пленумда қаралып, оларды одақ мүшелігінен шығара ма, не қалдыра ма, оны сол пленум шешетін болады.

Жарна төлеу – алдымен, Суретшілер одағының жарғысына сәй­кес жиналатын қаражат, бірақ біз оны жеке басымыздың керегіне жаратпаймыз ғой. Адам бар жерде түрлі жағдай болады, ол біздің одақтың мүшелеріне де тән нәрсе. Мысалы, одақтың мүшесі қайтыс болған жағдайда венок апарамыз (ол ең кемі 9-10 мың теңге тұрады), шамамызға қарай ақшалай көмек жасаймыз. Сол сияқты суретшілердің біреуі 90-ға, біреуі 80-ге келіп жатады, оған гүл шоғын, алғыс хат апарамыз. Шапан жабамыз. Ал енді осының бәрі ақшаға келетін нәрсе емес пе? Көп болып ұйыспасақ, ортақ іске салатын азғана тиын-тебеннен бас тартсақ – бізге мүше болудың қажеті қанша?

Жалпы жарна мәселесіндегі бұл жағдай бұрыннан жалғасып келе жатқанын айтуымыз керек. Жылына екі рет болатын пленумның қарсаңында одақ мүшелерінің жарна төлемей жүргендеріне телефон шаламыз, төлегендер төлейді, төлемегендер баяғысынша құлағына ілмей жүре береді. Сондықтан өткен жылдың 3 желтоқсанында өткен пленумда бұл мәселе тағы көтеріліп, пленум Суретшілер одағының хатшылығы мен облыстардағы филиал төрағаларына мүшелік жарна төлемеген тұлғаларды одақтан шығаруға тапсырма берген болатын. Борышкерлер тізімі содан кейін ғана одақтың сайтына салынған-ды. Ол – қызмет бабында қолданылатын құжат қана. Соны біреулер «шулатқысы» келген де болуы мүмкін, бірнеше сайтта мақала шықты. Сол секілді Facebook әлеуметтік желісінде біреулер «Қазақстан Суретшілер одағы» деген жабық топ ашып, оған менің суретімді ілген де әлгі тізімді берген. Мен ол аккаунтты ашқан кісілерді тауып алып, шақырып сөйлестім. Оларға бұл ісінің жөнсіз екенін, Одақтың аты мен логотипін және менің суретімді рұқсатсыз пайдалануы қылмыстық іс-әрекетке жататындығын түсіндірдім. Содан соң олар менің суретім мен тізімді алып тастады.

Жалпы, Жазушылар одағы, Журна­листер одағы, Композиторлар одағы, Суретшілер одағы сияқты шығар­ма­шы­лық одақтар о баста кәсіби одақ, яғни бір өнер саласындағы адамдарды ұжымдастырып, идеологияға қызмет жасату үшін құрылған. Жасыратыны жоқ, Кеңестік дәуірде шығармашылық одаққа мүше болған тұлғаларға берілетін артық­шылықтар болды. Мысалы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесіне үй берілгенде қатардағы суретшілерден 15 шаршы метр артық бері­летін. Оның сыртында түрлі атақтар, сыйлықтар, ордень-медалдары бар. Көрмелерін тегін өткізетін. Ал қазір тіпті, Алматыда көрме өткізетін залдың өзі жоқ. Біздің көрмелеріміз, негізінен Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында өтеді. Ол мұражай мемлекет қарауында болғанымен оған керекті қаражаттың 70 пайызы мемлекеттік бюджеттен бөлінсе, қалған отыз пайызын өздеріне табу міндеттелген. Сондықтан ол суретшілердің жеке көрмесін өткізуді тегін жасап бере алмайды. Қастеев мұражайында басы артық бос орын жоқ, сондықтан ол сурет көрмесін өткізу үшін өз экспонаттарын уақытша жинап қойып, көрмелерге орын босатып береді. Ал ол жерге көрме өткізетіндер кемінде 250 мың теңге төлеуі тиіс. Бұндай қаражатты суретшілер қайдан табады? Демеуші тапқандары өйтіп-бүйтіп көрмесін өткізер, ал таппағандары қайтеді?..

Шынын айтқанда, суретшілер – әлеумет назарынан сырт қалған өнер иелері. Анда-санда мемлекеттік тапсырыспен бірлі-жарым көрме өтіп, ара-тұра бір-екі суретшілердің альбомдары жарық көреді демесек, бәрі өз бетімен еңбектеніп, өз күнін өзі көріп жүр. Олар күрделі кескіндеме жұмыстарын жасағанмен оны сатып алатындар жоқ. Сондықтан күн көріс үшін арзанқол картиналар салып, ақша табуға мәжбүр. Бұл жағдай – елімізде сурет өнеріне жеткілікті мән берілмейтінінде жатса керек. Себебі мектепке арналған оқулықтарды жасауға, кітап безендіру ісіне кәсіби суретшілер қатыстырылып жатқан жоқ. Сондықтан өздеріне шығармашылықпен айналысуға жағдай жасай алмай жүрген суретшілер туралы алып-қашты әңгіме таратып, жоқ жерден сенсация іздеп жүрген кейбір баспасөз өкілдерінің әрекетін құптай алмаймын.

P.S. Иә, Қазақстан Суретшілер одағына басшылық жасап отырған азаматтың айтқаны негізсіз емес. Барлық сауалымызға ештеңені жасырмай ашық жауап берген Өмірбек Жұбанияздың сөзінен ұққанымыз суретшілер жақтан шыққан «шуда» анау айтқандай үлкен мәселе жоқ. Бар болғаны қоғамдық негізде өмір сүріп жатқан шығармашылық одақ басшылығы өз мүшелерімен дұрыс жұмыс жүргізгісі келген. Тәртіп мәселесі қаралған. Оның өзі одақтың жарғысына сәйкес жүзеге асырылған. Тіпті жылдар бойы одаққа мүшелік жарна төлемей келгендерге берешегін өтеу үшін алдағы пленумға дейін уақыт берілген.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

"Түркістан"