20 мау, 2022 сағат 21:30

Көкшетауда нөсерден кейін көшелер мен аулаларды су басып қалды


Көкшетауда бұршақ аралас нөсер жаңбырдан қала көшелері мен тұрғын үй аулаларын су басып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңбыр суы көлік қатынасына, әсіресе жаяу адамдардың қозғалысына қиындық туғызды.

Қала тұрғындары су басқан үй аулаларын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жарыса жариялады. Соның бірі – «Васильковский 27» шағын ауданының тұрғыны Александр Бондаренко. 

«Әдеттегідей, біздегі жертөлелер суға толды. Тіпті, үйден шыға алмай отырмыз», - дейді ол ютуб-каналында.

Бейнежазбадан адамдардың шалшық суды тізеден кешіп бара жатқанын көруге болады. 

Қаладағы бірқатар көппәтерлі тұрғын үйдің төбесінен де су сорғалап, тұрғындарды біраз әбігерге салды. «Станционный» және «Жайлау» шағынаудандарындағы жекеменшік үйлердің ауласына да су кеткені белгілі болды. Назарбаев пен Северная көшелерінің қиылысында шалшық су жиналды. Сонымен бірге, орталық базар аумағында да саудагерлер мен тұрғындардың қозғалысы қиындады.