01 ақп, 2023 сағат 13:32

"Көлікті салонда таңдайсыз": автокредитке кезекке тұру тәртібі жарияланды

коллаж: Halyq Uni

Өнеркәсіпті дамыту қорының басқарма мүшесі Ринат Ғаппаров электронды кезекке тұру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

6 ақпанда сағат 10:00-де autonesie.kz сайтында өтінім қабылдау басталады. Оны компьютер арқылы беру керек. Әрбір адам өзінің электронды цифрлық қолтаңбасын қолданады. Сондықтан компьютерде NCALayer бағдарламасы болуы қажет.

"Cайтқа кіргеннен кейін "Өтінім беру" батырмасын басасыз. Сосын электронды цифрлық қолтаңбаны қолдану керек. Сол кезде адамның аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі автоматты түрде шығады. Одан кейін тек телефон нөмірі мен автоөндірушіні ғана енгізу керек. Сөйтіп, қол қойып, өтінімді жібересіз", - деді Ғаппаров жаңа платформаны таныстыру рәсіміне арналған брифингте.

Оның айтуынша, электронды кезекке өтінім бергенде көліктің моделін таңдауға мүмкіндік болмайды. Өндіруші кәсіпорын ғана көрсетіледі. Ал өтінім мақұлданғаннан кейін салонға бару керек.

"Өтінімнің мақұлданғаны да көрсетіледі. "Сіз сәтті тіркелдіңіз" деген жазу шығады. Осыдан кейін салонға барып, көліктің моделін таңдайсыз да, төлем есепшотын аласыз. Сосын банкке барасыз. Сол жерде төлем қабілеттілігін растау керек. Көлікті рәсімдеу шараларын 6 күннің ішінде аяқтау керек", - деп түсіндірді Ғаппаров.

Автосалондар мен банктер адамның электронды кезекте тұрғанын, я тұрмағанын тексеріп отырады.

Өтінім үш жағдайда, атап айтқанда, өтініш беруші бағдарлама бойынша көлік алған болса, екінші рет өтінім жіберсе, автокредит беруге қаржы жетіспесе, кері қайтарылады.

Айта кетері, ақпан айында 761 өтінім қабылданады. Себебі револьверлік қаржының көлемі 7,6 миллиард теңгені құрайды. Ал келесі айдан бастап 100 өтінім қабылданады.

Айта кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары өзгеріссіз қалады:

- несиенің ең жоғары сомасы - 10 миллион теңгеден аспайды;

- қаржыландыру мерзімі - 7 жылдан аспайды;

- сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 4% (ЖТСМ жылдық 7.5%-дан аспауы тиіс);

- бастапқы жарна - 0 пайыз; 

- 1 автокөліктің құны 15 миллион теңгеден аспауы керек.