22 мау, 2022 сағат 16:33

Конструктивті оппозицияны қатыстырайық – Мәжіліс Қоғамдық палата құрып жатыр


Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңадан құрылған Қоғамдық палатаның құрамына оппозиция өкілдерін ұсынды, деп хабарлайды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Менің ойымша, бүгін біз талқылап жатқан мәселе – өте маңызды мәселе. Бұл кейбір депутаттар айтқандай, «қойшыны көбейту» емес. Бізге тағы да бір қосымша алаң ашылды. Президент қызу пікірталастар көшеде емес, митингтерде емес, осы Мәжіліс қабырғасында болуы керектігін айтқанын білесіздер. Сол үшін осы Палата құрылып отыр. Қоғамдық палатаның құрамы келесі аптада айтылады. Осы институт аясында бұған дейін Парламент қабырғасындағы талқылауларға қатыспаған сарапшылар келеді. Бүгінге дейін мұндай қоғамдық талқылаулар болған жоқ. Осы Палата аясында үлкен талқылаулар болады деген үлкен үмітім бар», - деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов Қоғамдық палата мүшелері аса резонансты деген заңдардың жобасын талқылауға шақырылатынын атап өтті. Айтуынша, таяуда жеке тұлғалардың банкроттығы жөнінде үлкен заң келеді. Сондай-ақ, Әлеуметтік кодекс жобасы талқыланады. Отбасы институтын дамыту туралы заң жобасы қаралады.

«Мұның бәрі – қоғамда қызу пікір тудырып жүрген үлкен мәселелер. Біз соның бәрімен кері байланыс орнатуымыз керек. Азаматтар көшедегі митингтерге емес, осы жерге келсін. Біз соған мүмкіндік берейік», - деді Ерлан Қошанов.

Оның сөзіне қарағанда, қоғаммен осындай фоматта кері байланыс орнатудың маңызы зор.

«Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, бізге айтылып жүрген сын көп. Шынымызды айтайық, «Заң шығарушылар халықтан алшақтап кеткен» деген түсінік бар. Яғни, халық бір жақта, қоғам бір жақта, заң бір жақта жұмыс істеп жатыр деген пікір бар. Сондықтан Қоғамдық палатаның басты мақсаты – неғұрлым өзекті, резонансты мәселелерді бірінші оқылымға дейін қоғамның талап-тілегі тұрғысынан қарастыру, басты ерекшелік осы. Бұдан былай резонансты мәселелерді талқылаған кезде бейнебайланыс арқылы өңірлердегі қоғамдық кеңестерді де қосуымыз керек. Солар арқылы жергілікті азаматтардың пікірін ескере аламыз. Палатаның құрамы заңдардың ерекшеліктеріне, бағыттарына байланысты өзгеріп тұрады. Басым көпшілігі депутаттар емес, қоғам белсенділері болады. Мүмкін конструктивті оппозиция дейміз, оларды да қатыстырайық. Үкіметтік емес сектордың өкілдері де тартылады», - деді Мәжіліс төрағасы.

Айта кетейік, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлытауда өткен ұлттық құрылтайда палата жанынан әртүрлі ұстанымы бар саяси ұйымдар өкілдерін, сарапшылар мен қоғам белсенділерін қатыстыратын Қоғамдық палата құру туралы ұсыныс айтқан болатын.