09 сәу, 2021 сағат 11:30

Қорғаныс министрлігі әскери ұшақтың автожолға қону себебін айтты

ҚР Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысында әскери ұшақ не себепті автожолға қондырылғанын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атап айтқанда, Қазақстанның батыс өңірінде «Алтын жебе» арнайы операциялар күштерінің компоненттерін кешенді тексеруі аяқталды.

«Бұл тексеруге Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері қатысты. Тексерудің аяқтау кезеңінде Қарулы Күштердің тарихында алғаш рет С-295 әскери-транспорттық және Су-27 жойғыш ұшақтары Маңғыстау облысында орналасқан автокөлік жолдарының аэродром учаскесіне қондырылды. Аталған шара құрлық және әскери-теңіз топтары әскерлерінің қызметін қамтамасыз ететін Әскери-әуе күштері бөлімшелерінің ұтқырлығын арттыру аясында жүзеге асырылды», - делінген хабарламада.