
14 наурыз Қазақстанның батыс өңірлерінде, сондай-ақ Ресейдің шекаралас аймақтарында Көрісу күні ретінде аталып өтіледі. Осыған орай Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Нұржан Төлепов өз ой-толғамымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Көрісу – қазақтың ежелден келе жатқан салтының бірі.
Қыстай үйлерінен шықпаған қазақтар көктем шыға бір-бірімен амандасып, құшақтаса көріскен. Бұл – әсіресе, жасы үлкендерді сыйлаудың ерекше бір көрінісі.
- Біз кішкентайымыздан осы күнді асыға күтетін едік. Ертең Көрісу күні, ұйықтап қалмау керек, оятыңдар деп алдымызға кәдімгідей мақсат қойып, дайындалатынбыз. Әлі есімде, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бұл күнді айрықша қарсы алатынбыз. Қазір ойлап қарасам, балалар үшін айтарлықтай мейрам еді. Себебі құшақ жайып, жасы үлкен ата-әжелер сәлемімізге батасын беріп, алдымызға барын тосатын. Қолымыз уыс-уыс бауырсаққа, қалтамыз тәттіге толатын, - дейді Нұржан Жолдығалиұлы.
Оның сөзіне қарағанда, алдымен әулеттің үлкені әкесінің ағасына барып, көріседі екен. Өзі мама деп атайтын әжесі де сол үйде. Әжесінің мейіріміне бөленіп, еркелеп, қасында көбірек болады. Неткен ыстық сәттер! Дегенмен бір тығыз шаруа қалып қойғандай, салмақты сөйлеп, өзінше есейіп қалады. Расында жауапкершілікті сезінетін болып тұр ғой. Өздерін қамшылап, жүйткіп жүріп, түске дейін ағайын-тума, көршілерді аралап шығады. Уақытында аралап үлгермесе, өкініште қалатындай көрінетін.
«Үйге кіргенде, үлкен іс тыңдырғандай, кіресің ғой. Отбасы жиналған дастархан басында гу-гу әңгіме. Көргенді, естігенді айтасың. Ата-анаң да қолдап, мақтаған сайын қанаттанасың. Сөйтіп көрісу күн де өтеді, келесі жылға жоспар құрып жатқанда ұйықтап кетесін. Бірақ есімде қалғаны наурыз, наурыз көже деп айтылмайтын еді. Бар білетініміз, баяғы наурыз айының он төрті – Көрісу күні! Ең бастысы, бұл күннің балалар үшін тәрбиелік мәні ерекше екендігін осыдан-ақ көруге болады. Солай үзілгенді жалғап, төл мерекемізді тойлауға да жеттік қой. Біртұтас елміз, сондықтан шығыс, батысқа бөлінбей, бір арнаға тоғысқан тарихымыз бен салт-дәстүріміз қайта түлей беруі керек. Көрісу күні – баршамызға ортақ күн, ортақ мереке деуге болады», - деп түйіндеді ойын Төлепов.
