
Батыс Қазақстан облысында коронавируспен ауырған 16 адам жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, өңірде індетке шалдыққандар саны 8564-ке жетіп, соның 7591-і жазылып шықты.
Өкінішке қарай, 144 адам көз жұмды.
Соңғы тәулікте 41, бір аптада 260 адамның сырқаттанғаны тіркелді.
Пневмонияға шалдыққан 133 адам стационарда жатса, 50-і амбулаторлық ем алуда.
Пневмониядан барлығы 239 адам қайтты.
Төрт адам өкпені жасанды желдету аппаратына, тағы алтауы оттегі концентраторына қосылған.
Қазіргі кезде жұқпалы аурулар ауруханаларында 141, карантиндік стационарларда 48 адам ем алуда.
Облыста қыркүйек айынан бері 161 бала коронавирус жұқтырған. Соның ішінде қыркүйек айында - 4, қазанда - 5, қарашада - 102, желтоқсанда 37 бала ауырды. Сондай-ақ қарашада 12, желтоқсанда 1 балабақша тәрбиеленушісі сырқаттанды.
Желтоқсан айында Ресеймен шектесетін мемлекеттік шекарадан 52459 адам өтті. Соның ішінде анықтамасы жоқ 1651 адамның 29-ынан КВИ табылды.
