03 жел, 2020 сағат 13:43

Көшербаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның басты міндетін атады

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мақсаты – орнықты шешім қабылдап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы жоғары кәсібилік пен әділдікке қалтқысыз қызмет ету.

Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Өздеріңіз белгілі, Тәуелсіздіктің алғашқы арайлы таңынан бастап біз өз тарихымызға жаңаша қарап, елдің өткенін зерделеп, електен өткізуге бет бұрып келеміз. Сол жауапты істе Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен 1993 жылғы сәуірде қабылданған саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы ҚР заңы ықпалды нормативті тетікке айналды. Жақында жазықсыз айыпталғандарды ақтаудың жаңа кезеңінің құқықтық құжаты қабылданып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Жарлығы жарыққа шықты. Ендігі жерде алдымызда аса ауқымды міндеттер, күрмеуі шешуді қажет ететін күрделі тарихи мәселелер тұр», - деді Қырымбек Көшербаев мемлекеттік комиссияның отырысында.

Мемлекеттік хатшы осы ретте бұл іске комиссия мүшелерін барынша байыппен қарауды сұрады.

«Мемлекеттік комиссия эмоцияға беріліп, дау-дамайға жол беретін дискуссия алаңы емес. Біздің мақсатымыз – орнықты шешім қабылдап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы жоғары кәсібилік пен әділдікке қалтқысыз қызмет ету екенін естеріңізге саламын», - деді Мемлекеттік хатшысы.

Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуінде ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең екенін атап өтіп, тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғанын еске салды.

«Міне, аталған тарихи миссияны атқару міндеті осында отырған баршамызға жүктеліп отыр. Бұл міндетті біз жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету үшін және жас ұрпақты жаңа жасампаз санамен тәрбиелеу үшін орындауымыз қажет. Әлбетте, сол замандағы солақай саясаттың салдарынан болған саяси қуғын-сүргіннің зардаптарын Кеңес Одағындағы барша халықтардың тартқаны ақиқат. Десек те өзінің тағдыр-талайында мың өліп, мың тірілген халқымыздың ХХ ғасырдың алғашқы жартысында көрген азабы мен қасіретін сөзбен айтып жеткізу қиын екені белгілі. Өткен жүзжылдықдың 20-30 жылдарындағы күштеп ұжымдастыру, тәркілеу ұлтымыздың ғасырлар бойы орныққан өмір салтын бұзу әрекеттері қазақ халқының қынадай қырылуына әкеп соқтырғаны ащы шындық. Сондай сорақы әрекеттерге шыдамай, азаматтық құқығын талап етіп атқа қонған қазақтардың 372-ге жуық бас көтеруіне де бұрындары бір жақты баға берілгені белгілі. Ұлтымызды өркениет көшіне қосуға ұмтылған Алаш арыстарын қуғынға түсірген 1937 жылдың саяси науқаны жұртшылықтың әлі де жадында тұр», - деді Қырымбек Көшербаев.