29 мам, 2025 сағат 11:15

Қостанай облысында заңсыз микроқаржылық қызмет анықталды

Фото: ашық дереккөз

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті лицензиясыз микроқаржылық қызмет жүргізу фактісі бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Ult.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті алты жыл бойы «OLX» және «Instagram» қосымшалары арқылы жоғары пайызбен қарыз берумен айналысқан. Бұл әрекеттер ресми құжат түрінде рәсімделіп, қарыз сомаларына жылдық 100%-ға дейінгі сыйақы қосылған. Қарыздың қайтарылуын қамтамасыз ету үшін борышкерлердің мүліктері кепілдікке қойылған.

Күдікті жалпы сомасы 556 млн теңгеден асатын 72 келісімшарт жасаған. Солардың бірі Рудный қаласының зейнеткерімен жасалған келісім. Зейнеткер емделуге қажетті 13,2 млн теңге қарыз алу үшін келісімге отырып, іс жүзінде тек 6 млн теңге ғана алған. Қалған 7,2 млн теңге сыйақы ретінде есептелген. Сонымен қатар, зейнеткер ай сайын 600 мың теңгеден төлеуге міндеттеліп, жалғыз пәтерін кепілге қоюға мәжбүр болған.

Соттың санкциясымен күдіктінің жалпы құны 154 млн теңге болатын мүлкіне, оның ішінде 6 жеке тұрғын үйі мен «TANK 500», «TOYOTA CAMRY», «MITSUBISHI FIGHTER» автокөліктеріне тыйым салынды. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда.

Мұндай жағдайлар азаматтар үшін үлкен қауіп төндіреді, себебі қаржылық алаяқтық салдарынан тұрғындар өз мүлкінен айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан қаржылық келісімдерге сақтықпен қарау маңызды.