17 нау, 2021 сағат 17:09

Қостанайда жоғалып кеткен тұрғынның денесі үш жылдан кейін табылды

Үш жыл бойы іздестірілген Қостанай тұрғынның денесі табылды. Оның неден өлгені анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қостанай облысы полиция департаментінің басшысы Бекет Аймағамбетовке сілтеме жасап.

Қостанай облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері бірнеше жыл бұрынғы жасалған тағы бір қылмысты ашты. Полиция 2017 жылдан бастап хабар-ошарсыз кеткен 29 жастағы облыс орталығының тұрғынын іздестірген. 

«Өткен жылы жер үйдің кәріз суы жиналатын жерден белгісіз ер адамның денесінің бөліктері табылды. Полиция қызметкерлері қылмыстық істі тергеу және белгісіз мәйіттің кімдікі екенін анықтау үшін он жыл ішінде хабар-ошарсыз жоғалған барлық адамдарға талдау жүргізді. Сондай-ақ полицейлер соңғы бес жылда мәйіт табылған мекен-жайға түскен барлық өтінімдерге талдау жасады», – деді Б. Аймағамбетов.

Нәтижесінде оның неден өлгені анықталды.

«Қайтыс болған адам үй салу кезінде бірнеше жалдамалы жұмысшымен танысқан. Ішімдік ішкеннің салдарынан төбелес шығып, олар жігітті өлтірген, ал мәйітін кәріз тұндырғысына лақтырған. Үш жыл бұрын осы мекен-жайда төбелес болып жатқаны туралы полицияға өтініш түскен. Барлығынан жауап алынып, полицияға жеткізілген. Оқиғаға қатысушылардың бірінің айғақтарында олармен белгісіз жігіт болғандығы айтылған. Алайда ол кейіннен төбелес болған жерден қашып кеткен делінген. Жедел-тергеу іс-шарасын жүргізу барысында қаза тапқан адамның жеке басы және оның өлімінің мән-жайы анықталды», – деп толықтырды полиция департаментінің басшысы. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.