Шымкент полиция департаментіндегі тергеу кезінде жұмбақ жағдайда қаза тапқан Нұрболат Жұмабаев.
Қостанай облысының тұрғынын ұстауға қатысқан полицейлер жұмысынан шығарылды. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Шымкент Полиция департаменті басшысының мәліметінше, 8 желтоқсанында Шымкентте автокөлік құралдарын ұрлады деген күдікпен бұрын соңды мүліктік қылмыс пен қарақшылық үшін сотталған Қостанай облысының екі тұрғыны ұсталған. Олардың автокөлігінен көліктерді ашуға арналған техникалық құралдар, радиостанциялар, маңдай шамдар мен қолғаптар табылып, тәркіленгені де хабарланды.
"Ұстау және жеткізу кезінде полиция қызметкерлерімен дене күші қолданылған. Олардың біреуі ғимаратта өзін нашар сезініп, жедел-жәрдем келген уақытта медицина қызметкерлерімен оның қайтыс болғаны анықталды.
Полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер қозғалды, оларды объективтілік мақсатында Арнайы прокурорлар департаменті тергеуде.
Осы факті бойынша жүргізілген қызметтік тергеумен ұстауға қатысқан қызметкерлер және олардың іс-әрекеттеріне бақылауды қамтамасыз етпеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды.
Сонымен қатар, олардың қылмыстық істі тергеу шеңберіндегі іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады", - деді полиция басшысы.
