
Алматы қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес, халыққа қызмет көрсету орталықтары 25 наурыздан бастап клиенттерді тек алдын ала жазылу бойынша сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін қабылдайды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кезекке egov.kz порталы, egov mobile, телеграм-бот egovkzbot2.0 (@kenes1414bot) қосымшалары арқылы онлайн, сондай-ақ 1414 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы тапсырыс беруге болады.
Қызмет алушы брондау кезінде өзінің жеке деректерін көрсетіп, өңірді, ХҚО бөлімін, келу уақыты мен күнін таңдау қажет.
«Алматылықтар брондау кезінде егер көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер немесе мүгедектігі бар адамдар санатына жататын болса, жеңілдік терезесін көрсете алады. Сондай-ақ, егер ХҚО-да бір уақытта бірнеше мемлекеттік қызмет түрін рәсімдеу қажет болса, көтерме терезені таңдауға болады. Азаматтарға арналған үкіметтің филиалы ХҚО-ға брондалған уақыттан 10-15 минут бұрын келуді және барлық санитарлық талаптарды сақтауды ұсынады. Санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша сенбі күндері халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істемейді» делінген хабарламада.
