25 мау, 2022 сағат 19:15

Қызмет бабында қаза тапқан полицейдің отбасына пәтер кілті табысталды


ҚР Ішкі істер органдарының құрылғанына 30 жыл толуына орай өткен мерекелік концертте елорда әкімі Алтай Көлгінов қызмет бабында қаза тапқан полицейдің отбасына пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, пәтер кілті Нұр-Сұлтан қаласы ПД Мамандандырылған патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Бауыржан Самбетовтың жұбайы Фариза Самбетоваға берілді. Марқұмның артында бес баласы қалған.

«Біз қаза болған қызметкерлеріміздің қайсарлығы мен ерлігіне зор құрметпен қараймыз. Ерік-жігері мен рухының жеңілмейтіндігін көрсетіп, антына соңына дейін адал болып, өзгелерді құтқару жолында жанын пида етіп, парызын абыроймен атқарды. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында елордалық департаменттің 27 офицері қызмет бабында және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапты», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Марат Төлебаев.

Сондай-ақ, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ІІМ Министрінің бұйрығымен және Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығының бұйрығымен елордалық полиция қызметкерлеріне басшы құрамның арнаулы атақтары мерзімінен бұрын берілді және медальдар, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. 

Бір сатыға биік басшы құрамның «полиция полковнигі» арнаулы атағы Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Ботагөз Ахмановаға берілді. 

Қазақстан Республикасы ІІМ Құрмет грамотасымен Нұр-Сұлтан қаласы ПД айдауылдау қызметі взводының полицейі, полиция аға сержанты Лаззат Жүсіпова марапатталды.

ІІМ грамотасымен Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есіл ауданы ПБ тылдық қамтамасыз ету бөлімшесінің полицей-жүргізушісі, полиция старшинасы Мұратбек Орынбаев, Нұр-Сұлтан қаласы ПД Кинологиялық қызмет орталығының инспектор-кинологі, полиция аға лейтенанты Дамир Жұмажанов марапатталды. 

«Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін дәйекті түрде трансформациялау белгіленген қайта құрулардың негізгі бағыты болып табылатынын атап өтті. Ол үшін кадр әлеуетін тұрақты жетілдіруді, кәсібилікті арттыруды және қызметкерлердің моральдық рухын нығайтуды қамтамасыз ету қажет. Президенттің тапсырмасы бойынша осы жылдың маусым айынан бастап жергілікті полиция қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көтердік. 140 патрульдік автокөлік, 1 600 электронды техника сатып алдық, Байқоңыр және Сарыарқа аудандарына жеке ғимараттар ұсындық, Есіл ауданының полициясы мен ПД бөліністері үшін ғимараттар салдық. Биыл полиция департаментіне тағы 54 патрульдік автокөлік сатып алып беруді жоспарлап отырмыз», - деді Алтай Көлгінов салтанатты шара барысында.