21 мам, 2025 сағат 14:52

"Өнер деген қашанда халықтан, үкіметтен қолдау күтеді": Мәдениет және өнер қызметкерлері күні әртістер үшін несімен маңызды?


Фото: 24.kz

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні.  Бұл мереке – ұлт руханиятының өркендеуіне, мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне құрмет көрсету күні, деп жазады Ult.kz.

Бүгінде елімізде 7 600 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Атап айтқанда, 3 890 кітапхана, 57 театр, 231 архив, 275 музей, 2 994 мәдени-демалыс орталығы, 113 кинотеатр, 36 концерттік ұйым және 4 цирк бар. Салада 58 мыңнан астам маман қызмет атқарады. Қазақстанның мәдениет саласында елдің рухани және мәдени-тарихи мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада салтанатты жиын өткен болатын. Президент ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда. Елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары табысты өтті. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталуда», – деді Президент Қ.Тоқаев.


Осы орайда Ult.kz тілшісі өнер адамдарынан осы күннің маңызы туралы сұрап көрді.



Фото: yandex.kz

Қайрат Байбосынов, «Қазақстанның Еңбек Ері»  және «Отан» орденінің иегері:

Өнер деген қашанда халықтан, үкіметтен қолдау күтеді. Өйткені өнерпаздар шамасы келгенше халыққа, елге, жерге еңбек етіп жүр. Өнер деген қазақтың жаны, жүрегі, айнасы. Сондықтан бұл күннің аталатыны жақсы, әрине. Арнайы күнді белгілеп, мереке етіп қойғаннан кейін, өнер адамдарының да жүрегіне қуаныш ұялайды, көңілдері көтеріліп, бір-бірін құттықтайды. Өнер адамдарының еңбегін бағалап, оларға шабыт, талпыныс беретін күн ғой. Осы күні өнер адамдары айрықша күтеміз. Сахнада жүргендер бар, концерватория бар, Астанадағы өнер университеті бар, әр облыста өнер ошақтары бар. Міне, солардың, өнер адамдарының, шәкірттерінің, өнер сүйер қауымның қуанышы.



Фото: nege.kz

Күнсұлу Тұрғынбекқызы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

Бүгінгі айтулы мерекемен барлық Мәдениет және өнер саласында қызмет етіп жүрген, сахналас жандарды, өнерсүйер қауымды, өнердің шынайы жанашырларын құттықтағым келеді. Бұл тек өнерде, сахнада еркелеп жүрген, әнін айтып, биін билеп, образдар сомдап жүрген актер, әнші, биші, күйшілерге ғана қатысты емес, бұл сахнаның артында да жүретін көркемділіктің биік деңгейіне жетуіне үлес қосатын сахнагерлер, реквизит, қоюшылар, көркемсуретшілер, костюмшілер, гримшілер, кимі тігу цехы, бәріне ортақ мереке. Негізі мереке осы кісілердікі деп ойлаймын. Өйткені олар күн демей, түн демей, ауқымды дүниені шығаруымызға үлес қосады, еңбек етеді. Жалпы, күннің қайсын алсаң да мереке ғой. Ал осындай мемлекеттік деңгейде аталып өтіп жатқаннан кейін, оған да ерекше қуанамыз, ризашылығымызды білдіреміз. Сый-сияпаттарын беріп жатады.



Фото: qazaqjoly.kz


Болат Әбділманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері:

Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар, мәдениет – адамзат тұлғасы деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеттің өзекті бөлігі – өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Иә, бұл шын мәнінде өнерге, мәдениетке қолдау ғой. Мұндай күннің бар екені мәдениет қызметкерлеріне үлкен баға, құрмет деп білемін. Болғаны дұрыс. Қазір әр елдің мәдени дамуы сол елдің жарқын болашағының көрінісі. Мұндай мерекенің болуы, еліміздегі мәдени қызметкерлердің ғана емес, ішкі мәдениеті жоғары әрбір азамат үшін маңызды.


Ақбота Мұсабекқызы