29 нау, 2021 сағат 22:06

Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбе экологиясын жақсарту жұмысымен танысты

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді. Ведомство басшысы өңірдегі өндіріс орындарын аралап, экологияға келтіретін зиянды азайту бағытындағы жұрыспен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе қаласын ластайтын ең ірі кәсіпорын - Ақтөбе ферроқорытпа зауыты. Ластаушы өндіріс орындарының ішінде зауыттың үлесі - 50%. 2021 жылдың ақпан айында кәсіпорын кешенді экологиялық рұқсаттама алып, соның аясында өндірісті ең озық қолжетімді технологияларға көшіру көзделген. Кәсіпорын басшылығы қабылданған бағдарлама бойынша тазарту фильтрін қойып, 2023 жылға дейін қатты қалдықты 40% азайтуды жоспарлап отыр. Министр Мағзұм Мырзағалиев зауыт басшылығына ең үздік технологияларға көшу шараларын тездетуді тапсырды. Сонымен бірге хромшпинель ұнтағы қалдықтарының утилизациясы мәселесін шешу қажеттігін айтты. Экология министрі Ақтөбе хром қосындылары зауытына да барып, жиналып қалған қалдықтардың утилизациясы бойынша шара қабылдау қажеттігін ескертті. Атап өту керек, зауыт жаңа технологияларды қолдану арқылы былтыр лас шығарындыларды 1,4 есеге азайтқан.

«2025 жылға дейін зауыт эмиссияны азайту үшін толығымен жеңдік сүзгілерді қояды. Бұл жұмысты мүмкіндігінше тездету керек», - деді министр.

Ақтөбе қаласының экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық ахуалына тозығы жеткен кәріздік тазарту станциясы кері әсерін тигізді. Мағзұм Мырзағалиев «Aktobesu-energygroup» АҚ-ның жұмысымен танысып, жаңа станция салу мәселесін қозғады.

«Проблеманы уақытша шешу үшін әкімдік тарапынан 420 млн теңге бөлініп, химиялық реагенттер арқылы қоқыспен күрес жүріп жатыр. Атап өту керек, біз өткен жылы облыс әкімдігімен бірге өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол картасын қабылдадық. Қоршаған ортаға келтірілетін зиянды азайту жұмыстары сол жоспар аясында жүзеге асуда», - деді Мағзұм Мырзағалиев.