13 там, 2021 сағат 17:34

Мал ұрлығы – маңызды мәселе


Алматы облысында мал ұрлығын жасады деген күдікке ілінген азамат ұсталды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақсу ауданының полиция бөліміне 55-жастағы Егінсу ауылының тұрғыны құны 300 000 теңге тұратын 5 бас ұсақ малын, яғни қойларын белгісіз біреулердің ұрлап кеткендігі туралы арызданған.

Жедел уәкілдермен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында аталған қылмысты жасады деген күдікке ілінген жәбірленушінің 50-жастағы ауылдасы анықталып, ұсталды.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 188-1 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмысын толығымен мойындады. Күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етілмейді», – дейді Ақсу АПБ бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Сакенов.

Жалпы өңірде мал ұрлығына қатысты деректер аз кездесіп отырған жоқ. Мәселен, жақында Алакөл ауданында жайылымнан мал ұрлап кеткен ер адам ұсталды. Үшарал қаласының 55 жастағы тұрғыны Алакөл аудандық полициясының кезекші бөліміне жазбаша арызбен жүгінген. Ол өзінің арызында 25 сәуір күні жайылымнан белгісіз біреудің бір бас ірі қара малын ұрлап кеткені жайында хабарлаған.

Тергеу және жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция жедел уәкілі 24 жастағы күдікті – жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Күдіктінің жайылымнан еркін қол жеткізу жолымен бір бас ірі қара малды қолды қылғаны және оны сатып жібергені белгілі болды. Шығын сомасы 150 мың теңгені құрап отыр.

Аталған факті негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 1-бөлігі (мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «келу туралы міндеттеме» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды.

Өз кезегінде полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу мақсатында облыс тұрғындарын қауіпсіздік шараларын күшейтуге, малдарын қараусыз жібермеуге және қырағы болуға шақырады.

Алматы облысында мал ұрлығына қатысты мынадай да ақпарат тарады. «Мал ұрланды» деп арызданған тұрғынға жалған ақпарат таратты деген айып тағылып отыр. Нақтырақ айтсақ, Ескелді ауданында полицейлерге жалған көрінеу ақпарат берген әйел азаматша қолға түсті.

Ескелді аудандық полиция бөліміне Моңғолия Республикасының тумасы бір бас ірі қара малының ұрланғаны жайында арызданған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тергеуші арызданушының жалған ақпарат таратқанын анықтады. Арызданған 38 жастағы азаматшаның бір бас ірі қара малын қарызының өтемі ретінде беріп, күйеуінен қорыққандықтан жалған ақпарат бергендігі белгілі болды.

Тәртіп сақшылары мал ұрлығы дерегі бойынша тіркелген қылмыстық істі қысқартып, көрінеу жалған сөз жеткізу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабына сәйкес іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу материалдары алдағы уақытта соттың қарауына жолданады.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Кудебаев «Jetisý» газетінде жарық көрген мақаласында өңірде бөтеннің мүлкі мен мал ұрлау бойынша жасалып жатқан қылмысты азайту – күн тәртібінде тұрған ауқымды мәселе екенін атап өткен болатын.

Оның айтуынша, бұрын жасалған бөтеннің мүлкін ұрлаудың 400 қылмысы ашылды, оның ішінде 72-сі өткен жылы орын алған. Бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу және оны ашу мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғау жөнінде бағдарлама әзірленіп, бекітілген. Нәтижесінде пәтер ұрлығын тіркеу 35,4 пайызға төмендеп, қылмыстың ашылуы 15,3 пайызға жақсарып отыр.

Полицейлер 72 ұрлық жасағаны үшін 41 қылмыстық топты, оның ішінде пәтерлер мен жеке үйлерден 30 ұрлық жасаған 16 ұрыны ұстаған.

Облыстық полиция департаментінің басшысы атап өткендей, мал ұрлығымен күрес бойынша жедел-профилактикалық шаралардың кешенді жоспары қабылдануда. Мал ұрлығына қатысты қылмыстың тіркелуі бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 24,6 пайызға төмендеді. 2020 жылдың желтоқсан айында облыстық мәслихаттың шешімімен мал жаюдың типтік ережелері бекітілді. Мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 1 914 адам жауапкершілікке тартылып, 50 адамға 711 мың 748 теңге айыппұл салынды. Осы секілді мал ұрлығының алдын алу шаралары малды жоғалту деректерінің санын 2 есе, яғни, 42-ден 23-ке дейін төмендетуге әсер етті.

Айта кетсек, жыл басынан бері мал тасымалдау ережелерін бұзудың 98 дерегі анықталды, кінәлі тұлғаларға 2 миллион 836 мың 783 теңге айыппұл салынды. Мал мен ет өнімдерін өткізу және сатып алу орындарына бейнебақылау камераларын орнату бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілді.