12 ақп, 2021 сағат 10:33

Мәмбет Қойгелді: Зәки Уәлиди Тоған болашақты болжап кеткен көреген адам болған

Халықаралық Түркі академиясы «Тұлғалар тағылымы» жобасы аясында түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Зәки Уәлиди Тоғанның өмірі мен шығармашылығына арналған шара өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Зәки Уәлиди Тоған: ғалым, саясаткер, тұлға» атты онлайн форматтағы басқосуды Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі өткізді. 

Жиынға Зәки Уәлиди Тоғанның ұрпақтары Исенбике Тоған мен Сүбедей Тоған қатысты. 

ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, Ресей Ғылым академиясына қарасты Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл және әдебиет зерттеу институтының жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова және осы аталған институт қызметкері Ахат Салихов, Өзбекстан ғылым академиясы Тарих институтының бөлім меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Қахрамон Раджабов, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы, Түрік тарихы қоғамының мүшесі, тарихшы Тунжер Байкара, Қырғызстанның белгілі түркітанушысы, профессор Кадыралы Конкобаев, «Ағидел» башқұрт мәдени орталығының жетекшісі Азамат Рыскильдин сөз сөйледі.

Қатысушылар Зәки Уәлиди Тоған туралы естеліктері туралы айтып, оның артында қалған мол мұрасы туралы ойларын ортаға салды.

«Осы жиынға Зәки Уәлиди Тоғанның ұрпақтары қатысып отыр екен. Біз оларға үлкен сәлем жолдаймыз. 1920 жылы Зәки Уәлиди Тоған шетелге эммиграцияға аттанып бара жатып, башқұрт және қазақ достарына арнап хат жазады. Ол хатта «Біздің халықтардың басынан түрлі ауыр кезеңдер өткен. Біздің күрес Қарасақал, Батырша, Салауат, Абылай мен Кенесары жүргізген соғыстың жалғасы ретінде ұмытылмайтынына сенім білдіремін. Біздің ұлтымыз қайта жаңғыруды күтуге тиісті. Алла бізге қайта көрісуді жазбаса, біздің балаларымызға жазса екен» деген тілек айтқан. Зәки Уәлиди Тоғанның меніңше, бұл тілегі орындалды ғой деймін», - деді басқосуда Мәмбет Қойгелді.

Оның айтуынша, Зәки Уәлиди Тоған өте көреген, данышпан адам болған. 

«Ол кісі естеліктерінде «ХХ ғасырдың соңына қарай біздің халықтарымыздың тарихына байланысты үлкен өзгерістер болуы мүмкін дейді. Сол өзгерістерге біздің ұрпағымыз даяр болып, мемлекеттілігін қайта жаңғыртуы керек деген. Біз қазір тура сол заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлихан Бөкейхан мен Зәки Уәлиди Тоған өмір сүрген кезеңді жаңадан қорыту жолында тұрмыз», - деді ол.

Зәки Уәлиди Тоған 1890 жылы Башқұртстан, бұрынғы Уфа губерниясы Стерлитамак уезінде туған. Мемлекет және қоғам қайраткері, түркі халықтарының азаттығы жолындағы күрескер, түркітанушы ғалым. 1908 жылы Қазан қаласындағы Ш.Маржани медресесінде оқыған. 1909 жылы «Қасымия» медресесіне мұғалім болып орналасып, түркі тарихынан, араб және түрік әдебиетінен дәріс берген. 1912 жылы «Түрік-татар тарихы» атты еңбегі жарық көрді. 

З.Уәлиди осы еңбегі арқылы түркі халықтарының рухын көтеріп, олардың бірлігі мен еркіндік алуы идеясын ұсынды. Ол 1916 жылы Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясында хатшылық қызмет атқарды. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Башқұртстанның Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі атқару комитетінің мүшесі болды. 1917 жылы 29 қарашада Башқұртстан автономиясы жарияланғаннан кейін З.Уәлиди Башқұртстан үкіметінде соғыс министрі қызметін атқарды. Кейін Үкімет төрағасы болды. 1920 жылы Түркістан өлкесіне қоныс аударды. Мұнда Энвер Пашамен бірге басмашылар қозғалысына көмектесті. Энвер Паша қаза тапқан 1923 жылы наурызда Иранға өтіп кетті.

1924 жылы Берлинде Ресейлік түркі эмигранттарының ұйымын құрды. 1925 жылы Түркия азаматтығын қабылдап, 31 шілдеде Ататүрікпен кездесті. 1925-1932 жылдары Ыстанбұл университетінде түрік тарихынан дәріс оқыды. 1935-1937 жылдары Бонн университетінде, 1938-1939 жылдары Геттинген университетінде қызмет етті. 1939 жылы Түркияға оралып, Станбұл университетінің әдебиет факультетіне тарих пәнінің профессоры болып орналасты. 1953 жылы Ыстанбұл университеті жанынан Ислам зерттеу институтын құрып, оған өмірінің соңына дейін жетекшілік етті.