21 мау, 2022 сағат 10:45

Маңғыстау облысында құстардың өлексесі табылды


Балықшылар Маңғыстау облысының Баутино және Аташ кенттерінде жағалаудан 160 өлі суқұзғын тапқан. Бұл туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Тұрғанбай Шапағатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, мамандар суқұзғындардан адам әрекеттерінің белгілерін таппаған. «Құстар Қызыл кітапқа енбеген. Адамдардың бұған қатысы жоқ, олардың қырылуы экологиямен байланысты болуы мүмкін. Экология мамандары су, ауа сынамасын және құстардың етінен материалдар алды. Нәтижесі келсе міндетті түрде хабарлаймыз. Біз олардың жаппай қырылуын 2-3 күн бұрын болған қатты дауылмен байланыстырып отырмыз», - деді Тұрғанбай Шапағатов. 

Еске салайық, бұған дейін өңір тұрғындары Форт-Шевченко ауданында су айдынынан қырылып қалған құстарды видеоға түсіріп алған болатын. Оқиға орнына бірнеше ведомство мамандары барды. Оның нәтижесі туралы алынған сынамаларға зерттеу жүргізілгеннен кейін хабарланады.