Фото: sauda.e-qazyna.kz
Кәрім Мәсімовке тиесілі болған самурай қылышы аукционда 1,5 миллион теңгеге сатылды. Бұған дейін тергеу аясында тәркіленіп, кейін активтерді басқаруға берілген бұйым 29 сәуір күні электронды сауда алаңында жаңа иесін тапты, деп хабарлайды Ult.kz.
Лот сипаттамасына сәйкес, қылыш қынабымен бірге ұсынылған. Жүзі болаттан жасалған, бойында терең емес ойық бар. Қынабы қара түсті материалмен қапталған, ал сабы сұр түсті металдан жасалып, рельефті геометриялық өрнекпен безендірілген.
Бағалаушылардың мәліметінше, қарудың жалпы жағдайы жақсы. Жүзіне «47911» деген сандар қашалған. Қылышқа бағалау 2024 жылдың желтоқсан айында жүргізілген.
Құжаттарда оның нарықтық құны 542 719 теңге деп көрсетілгенімен, бастапқы аукциондық бағасы 379 904 теңгеден басталған. Нәтижесінде сауда барысында баға өсіп, қылыш 1 586 954 теңгеге сатылды.
Сауда процесі бағаны көтеру аукционы форматында өткен: қатысушылар белгіленген қадаммен бағаны кезек-кезек арттырып отырған. Ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз атанды. Баға ҚҚС-сыз көрсетілген, ал мәміле рәсімделген кезде оған 16 пайыз салық қосылады.
Айта кетейік, 2025 жылдың қарашасында бұл қылыш 542 719 теңгеге сатылғанымен, сатып алушы төлем жасаған жоқ, сондықтан мәміле күшін жойған. Ал 2026 жылдың ақпан айында ол 3,4 миллион теңгеден астам сомаға сатылғаны да айтылғанымен, бұл келісім де жүзеге аспаған болуы мүмкін.
