05 мам, 2023 сағат 19:16

Мәскеуді қорғап қалған кімдер?

Фото: © РИА Новости / Георгий Хомзор

316-қазақ атқыштар дивизиясы 1941 жылдың жазында (маусым айы), Ұлы Отан соғысы басталып кеткен кезде Алматы қаласында жасақталды. Генерал И.В.Панфиловты сол кездегі Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов Фрунзе қаласынан (қазіргі Бішкек) шақыртып алып, (Қырғызстанда гарнизон командирі болатын) Алматыда арнайы қазақ ұлттық дивизиясын жасақтауға кеңес берді. Соғыс кезінде Қазақстанда басқа да біраз дивизиялар құрылған. Бірақ олар ұлттық дивизия емес болатын. Алматы түбіндегі Талғарда дивизия құрамындағы әскерлер бірнеше ай бойы жаттығудан өтіп, осы жылдың 17 қыркүйегінде эшелонға тиеліп майданға аттанып кетті. Дивизия құрамының 70 пайызы қазақ, қалған пайызы – қырғыз, орыс, украин, татар, тағы басқа ұлт өкілдерінен тұрды. 

316-қазақ дивизиясы алдымен қоршаудағы Ленинград түбіне түсірілген еді. Бірақ Иосиф Сталин дивизияны Мәскеу түбіне аударып, маршал К.Рокоссовскийдің қарамағындағы 16-шы армияға қосты. Жауды сай-саламен, сондай-ақ орманмен келетін болар деген оймен, 16-шы армияның барлық дивизиялары, бөлімдері, соғыс техникалары осы орман мен сайларға орналастырылған-ды. Немістер Мәскеуге соғысты осы бағыттан бастаған еді.

Жаудың ойы Мәскеуге тура апаратын жазықта орналасқан Волоколамск ауданы және ондағы Дубосеково трассасына көп көңіл аудармаған еді. Орыстар әскерінің көбін сол жазық далаға орналастырған болар деген пікірде болатын. Волоколамск ауданына жаңадан келген алматылық 316-қазақ атқыштар дивизиясын Рокоссовский 44 шақырымдық (километр) ашық далаға орналастырды. Мәскеуге баруға ұмтылған жау орман, өзен, сай-саласы мол бағыттан қатты қарсылық көріп өте алмаған соң (бұл араларда маршал Рокоссовскийдің дивизиялары мен соғыс техникалары орналасқан еді) фашистер Волоколамск бағытына барлаушылар жіберіп, Мәскеуге таяу орналасқан ауданның және Дубосеково жолының ашық жатқанын білді, сондай-ақ жақында ғана келіп орналасып жатқан бір дивизия ғана барын анықтады. Жау өздерінің алданып қалғанын біліп қатты өкінді. «Әскерді баяғыдан осы бағытпен жібергенде, Мәскеудің табалдырығынан өтіп кетіп, орыс көшелерінде ойран салып жатар едік-ау» деп өкінішпен ойлады. Сөйтті де, Мәскеуді алуға арналған барлық күшті және техниканы Волоколамск бағытына дереу аударды.

Сөйтіп, жалғыз дивизия орналасқан аумақты бірнеше сағатта тас-талқанын шығарып, тас жолмен танкілерді Мәскеуге кіргізіп жіберуге ұмтылды. Бірақ көресіні осы жалғыз азиялық дивизиядан көрді. Орыстардың Сібірде жасақталып жатқан дивизияларынан әлі хабары жоқ болатын. Жау бірден үш жаяу әскер дивизиясын, сонымен қатар бір моторлы техникалары бар дивизия мен 700-ге тарта танкісі бар дивизияны тез арада Волоколамск ауданына аударды. Басқа дивизияларын да осы бағытқа тездетіп жинақтай бастады. Қазан айының ортасына таман Мәскеуді алуға арналған жаудың барлық күші осы азиялық жалғыз дивизияны неғұрлым тез таптап өте шығуға жабыла кетті. Генерал Панфилов штабта отыра алмай полк, рота батереялардың арасында баладай жүгіріп жүрді. Жарылған снарядтар мен жаңбырдай жауған оққа да қарамады. Қасындағы көмекшілері, радистері бірінен соң бірі оққа ұшты. Кейіннен қолға түскен жаудың бір офицері Кромер, үйіне былай деп хат жазған екен: «2-қазан күні Мәскеуге кіреміз деп ойлап едік, соған дайындалып жүргенбіз, алдымыздағы өңкей азиялық елдің адамдарынан құралған дивизияны құртып жібере алмай тоқтап қалдық. Өздері қырылып жатса да шегінбейтін, өзіңе қарсы шабатын біреулер екен. Әскеріміздің жүрегі қайтып қалған секілді. Бірақ фюрердің бұйрығын алдық. Осы арадағы Мәскеуді алуға жинақталған 28 дивизияның барлығын осы бағытқа жіберуге бұйырған екен. Мүмкін, осы күшпен жарты күннің ішінде бұларды таптап өтерміз. Келесі хатты Мәскеуде жазармын» депті («Панфиловшылар», Ф.Селиванов). Панфилов дивизиясындағы әрбір рота мен взводта танктерге гранат лақтырушылар тобы ұйымдастырылды. Бұған жүректі, күшті азаматтар іріктеліп алынды. Гранаттар мен жанғыш заттар соларға берілді. Қиян-кескі соғыстар жүріп жатты. Мәселен, аға лейтенант Райкиннің окоптарына бірден 40 танк лап қойды. Оларға ілесе жаудың жаяу әскерлері келеді. Жау танкілерінің бірі солдат Төлеқабылов жатқан окопқа таяп келді. Ол ұшып тұрып, граната лақтырды. Жарылған граната танкінің ішіне түсіп, гүрс еткен дауыс естілді. Міне, оған екінші танк таяп келіп қалды. Төлеқабылов жандырғыш сұйық зат құйылған бөтелкені лақтырды, танк өртеніп кетті. Ержүрек жауынгерге қарай үшінші танк келе жатты, ол тағы да граната лақтырды. Өзі де ауыр жараланды. Тағы бір танк қасына келіп қалды. Төлеқабылов лақтыруға шамасы келмей гранатаны бауырына қысып ұстап, танкінің шынжыр табанының астына барып құлады. Дивизиядағы гранат лақтырушылардың тобы негізінен қазақ жігіттерінен құралған. Олар өздеріне берілген тапсырманы ерлікпен орындап шықты. Бірақ бірде-біреуі тірі қалмады. Қайран азаматтарға Кеңес Одағының Батыры атағын ешкім ұсынған да, берген де жоқ.

Осы арада аздап шегініс жасап, мына бір мысалды келтіре кетейік: « – И.Сталин, орал на Жукова – казахская дивизия на грани разгрома, а где сибирская дивизия». По поручению Иосифа Виссарионовича, Жуков должен был направить сибирские дивизии на подмогу, но не уложился в назначенные сроки, что привело Сталина в ярость» (Из книги «Тайна Сталина»). 316-қазақ дивизиясы Мәскеу түбінде Сібірде жасақталған дивизиялар келіп жеткенше бір ай он күн жаудың бүкіл 32 дивизиясын бір өзі ұстап тұрды. Кейіннен бұл дивизияға Гвардия атағы берілгенімен, сібірден келген әскермен толықтырылса да, бұрынғы дивизиядағы қазақ жауынгерлерінің 90 пайызы қаза тапқан еді. Бұл кезде орыстың қаhарлы қысы да келіп жеткен болатын. Жау техникалары және әскерлері қатты аяздан шабуылға шыға алмай, техникасы қатып, әскерінің біраз бөлігі үсіп кеткен еді. Сонда Мәскеуді қанын төгіп, кімдер қорғап қалған?! Ойланатын мәселе...

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі