09 ақп, 2023 сағат 17:25

Мәжіліс депутаттығына қанша кандидат ұсынылды?

Фото: kaz.elorda.info

Алдағы Парламент сайлауына барлығы 892 кандидат ұсынылды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну 8 ақпан 18.00-де аяқталған болатын. ОСК мәліметінше, 7 партиялық тізім  бойынша Мәжіліс депутаттығына 283 кандидат ұсынылды:

1. "Қазақстан халық партиясы" – 52 кандидат;

2. "Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясы – 54 кандидат;

3. "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 25 кандидат;

4. "Amanat" партиясы – 90 кандидат;

5. "Respublica" партиясы – 25 кандидат;

6. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 19 кандидат;

7. "Байтақ" жасылдар партиясы – 18 кандидат.

Сондай-ақ бірмандаттық округтер бойынша Мәжіліс депутаттығына қанша кандидат ұсынылғаны да белгілі болды.

Барлығы 29 округ бойынша 609 кандидат ұсынылып отыр. Оның ішінде 7 саяси партиядан – 79 үміткер, төрт қоғамдық бірлестіктен – 5 кандидат, қалған 525-і – өзін-өзі ұсынғандар.

Кандидаттар мен саяси партияларды тіркеу 18 ақпан 18.00-ге дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт 18 ақпан 18.01-де басталып, 18 наурыз сағат 00.00-де аяқталады.

18 наурыз – тыныштық күні.

Айта кетері, Парламент Мәжілісі 98 депутаттан құралады: 69 депутат партиялық тізімдер бойынша, ал 29 депутат бірмандаттық аумақтық округтер бойынша сайланады.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді.