10 қаң, 2023 сағат 15:10

McDonalds-тың жабылуы мен Боранбаев ісінің арасында ешқандай байланыс жоқ - Машанов

© Sputnik / Ертай Сарбасов

Food Solutions KZ бас директоры Әсет Машанов Қазақстанда McDonalds желілерінің жабылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Бүгін елордада Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Оның аясында БАҚ өкілдері Әсет Машановтан McDonalds желілері жұмысын тоқтатуының Боранбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іспен байланысын сұраған еді.

«Менің білуімше, екі оқиғаның арасында ешқандай байланыс жоқ. Әрине, бұл жайлы жаһандық McDonalds корпорациясынан сұраған жөн. Ал жалпы бұл іске қатысы шамалы», - деп жауап берді ол.

Сонымен қатар ол McDonalds-тың Қазақстанға оралу мүмкіндігіне қатысты да пікір білдірді.

«Көптеген факторға байланысты. Бұл сауалға нақты жауап бере алмаймын. Өйткені, оны жаһандық корпорация шешеді. Орын алған жайт қазіргі геосаяси ахуалға байланысты. Ол шешілгеннен кейін жеткізілімнің бұрынғы жүйесі қалпына келер болса, онда бұл мәселе шешіліп қалар», - деді Әсет Машанов.

Еске сала кетейік, бұған дейін McDonald's жылдам тамақтану желісі Қазақстаннан біржола кететінін хабарлаған едік. Бренд қызметін тоқтатқанымен, мейрамхана басқа атаумен жұмысын қайта бастайды.