
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы жарияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оған сәйкес, денсаулық сақтау ұйымында, жедел медициналық жәрдем көлігінде, карантин үшін жергілікті атқарушы органдар айқындаған үй-жайларда пациенттер мен медицина қызметкері келісімінсіз аудио, фото және видео түсіруді шектеу тармақшасы алынып тасталды.
Сондай-ақ енді медицина қызметкерлерінің үйде медициналық көмек көрсетуі, ошақта эпидемиологиялық тексеру жүргізуі кезінде, науқас пен онымен байланыста болған адамдар арасында сауалнама жүргізу барысында аудио, фото және видео түсіруге рұқсат берілді.
Бұл шектеу елдің бас санитар дәрігерінің 2021 жылдың 2 қыркүйектегі №38 қаулысында көрсетілген еді.
***
Елдің бас дәрігері мыналарды қаулы етті:
"Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы" Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 38 қаулысына (бұдан әрі - № 38 БМСДҚ) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
- денсаулық сақтау ұйымдарында, жедел медициналық жәрдем машиналарында, жергілікті атқарушы органдар карантин үшін айқындаған үй-жайларда, сондай-ақ медицина қызметкерлері үйде медициналық көмек көрсету, ошақта эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізу, науқастардан және байланыста болған адамдардан сұрау және сауалнама алу кезінде пациенттер мен медицина қызметкерлерінің келісуінсіз оларға аудио, фото және видео түсірілім жүргізуге шектеу салу алып тасталсын;
- COVID-19-ға күдікті науқас тіркелген жағдайда COVID-19-бен ауыратын науқастардан материал алу және тасымалдау, COVID-19-ға күдікті науқастардың ошақтарында дезинфекциялық іс-шаралар жүргізу кезінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіпті сақтау тармақшасына мынадай редакцияда жазылсын: "COVID-19-ға күдікті науқас тіркелген жағдайда COVID-19-бен ауыратын науқастардан материал алу және тасымалдау кезінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіпті сақтауды, осы қаулыға 22-қосымшаға сәйкес COVID-19 ошақтарында дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу";
Қаулы 2021 жылғы 20 қыркүйекте сағат түнгі он екіден бастап күшіне енеді.
1118 рет оқылды