11 қаң, 2023 сағат 11:19

Мемлекетке қайтарылған жер қойнауы аукционға шығарылады – Ақшолақов

Фото: Baq.kz

Мемлекетке қайтарылған жер қойнауы учаскелері болашақта инвестиция тарту үшін аукционға шығарылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жер қойнауын игеру және осы салаға инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі таңда көмірсутектер мен уранды барлауға және өндіруге арналған 304 келісімшарт бар. 2022 жылы жер қойнауын пайдалануға салынған инвестиция сомасы 5,9 трлн теңгені құрады. Өткен жылы аукционда 39 млрд теңге қол қою бонусы төленіп, 49 жер қойнауы учаскесі берілді. Геологиялық барлауға мәлімделген инвестиция сомасы шамамен 56 млрд теңге болды», - деді Болат Ақшолақов.

Оның атап өтуінше, жер қойнауын пайдаланушылар алған келісімшарттық міндеттемелерді орындамай ұзақ уақыт ұстайтын жер қойнауы учаскелерін тексеру бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

«Мұнай-газ саласында жүйелі бұзушылықтары бар 27 келісімшарттың 12-сі бұзылды. 9 келісімшарт бойынша 1,5 млрд теңге сомаға берешек өтелді, 4 келісімшарт бойынша сот талап-арыздары жіберілді. 2 келісімшарт бойынша-жұмыс заңнамаға сәйкес жалғасуда. Мемлекетке қайтарылған жер қойнауының учаскелері болашақта инвестиция тарту үшін аукционға шығарылады», - деді ол.