28 там, 2025 сағат 17:42

Мемлекеттік бағдарлама атын жамылып 1 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық жасағандар сотталды


Фото: Pexels.com

Астана қаласының прокуратуры 1 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық жасағаны үшін кінәлі тұлғалар сотталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Бірнеше жыл бойы мемлекеттік бағдарлама атын жамылып әрекет еткен екі таныс алаяқтық схемасын жасаған.

Олар кеңсені жалға алып, жұмыс істеп тұрған ЖШС-ның деректемелерін пайдаланып, азаматтарды жеңілдетілген шарттармен Астана мен Алматы қалаларында орналасқан жоғары санатты тұрғын үй алу, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама аясында несие мен қарыз рәсімдеуге уәде беріп, жалған келісімшарттар жасасу арқылы жаңылыстырған.

Олардың әрекеттері нәтижесінде 150 жәбірленушіге 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.

Сот үкімімен сотталушылардың кәмелет жасқа толмаған балаларының болуын, шығынды жартылай өтеуі жеңілдететін мән-жай ретінде танылып және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріліп, олардың әрқайсысына 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 5 жыл мерзімге материалдық жауапты және басшылық қызметтер атқару құқығынан айырылды.

Келтірілген материалдық залал сотталғандардан өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.

Астана қаласының прокуратурасы белгілі бір қызметтерді көрсету құқығын растайтын құжаттары жоқ адамдармен несиелеу және тұрғын үй алу саласында мәмілелер жасаудан бас тартуға кеңес береді.