14 мам, 2026 сағат 10:25

Министрлік ұялы байланыс тарифтері 300%-ға қымбаттады деген ақпаратқа жауап берді

Фото: Gov.kz

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі елдегі ұялы байланыс тарифтері «300%-ға дейін өсті» деген мәлімдемелер нарықтағы нақты жағдайды толық көрсетпейтінін мәлімдеді деп хабарлайды Ult.kz.

Министрлік Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып, 2026 жылғы қаңтарда байланыс қызметтерінің бағасы 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға, ал 2020 жылмен салыстырғанда 32%-ға артқанын атап өтті.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда байланыс тарифтерін операторлар нарықтық жағдайға байланысты өздері қалыптастырады. Баға қызмет көлеміне, желі жүктемесіне және инфрақұрылымдық шығындарға тәуелді.

Сондай-ақ соңғы жылдары мобильді интернет тұтыну көлемі 70%-дан астам өскені айтылды. Бұл өз кезегінде желілердің қуатын кеңейтуді және телекоммуникациялық инфрақұрылымды тұрақты түрде жаңғыртуды талап етеді.

Министрлік жекелеген тарифтердің қымбаттауы 4G және 5G технологияларын енгізу, байланыс қамту аймағын кеңейту және саланы дамыту шығындарының өсуімен байланысты екенін жеткізді.

Ресми мәлімет бойынша, 2023-2025 жылдары байланыс операторлары инфрақұрылымды дамытуға шамамен 1 трлн теңге инвестиция салған.