Фото: gov.kz
Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі әлі де талқылану үстінде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жөнінде түпкілікті шешім жыл соңына қарай жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл мәселе Сенат отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев тарапынан көтерілді. Оның айтуынша, қазіргі 85 мың теңгелік ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін арттыру туралы нақты шешім әзірге қабылданбаған.
Вице-министрдің сөзінше, мұндай шешім бір ғана ведомство деңгейінде емес, бизнес өкілдері, кәсіпорындар мен кәсіподақтардың қатысуымен жан-жақты қарастырылуы тиіс.
«Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Біз бұл деңгейге 5-6 жыл ішінде жеттік. 2019–2020 жылдары ол шамамен 42 мың теңге болатын. Қазір қоғамда оны көтеру туралы ұсыныстар жиі айтылып жүр. Алайда 150 мың теңгеге бірден көтеру оңай шешім емес. Мұнда еңбек өнімділігі, кәсіпорындардың жағдайы, бизнестің мүмкіндігі секілді факторлар ескеріледі», – деді ол.
Сонымен қатар, вице-министр елде шамамен 9,7 миллион адамның еңбек ететінін, олардың басым бөлігі жекеменшік секторда жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, ең төменгі жалақыны күрт өсіру кейбір кәсіпорындарда жұмыс орындарының қысқаруына да әсер етуі мүмкін.
«Егер бизнеске жалақыны екі есе көтеру талабын қойсақ, олар жұмыс орындарын қысқартуы ықтимал. Сондықтан ең алдымен жұмыс орындарын сақтау маңызды», – деді Ербол Тұяқбаев.
Министрлік бұл бағытта кәсіподақтармен, жұмыс берушілермен және халықаралық еңбек ұйымдарымен кеңес жүргізіп жатқанын хабарлады. Қазіргі таңда түрлі ұсыныстар қарастырылуда, ал нақты шешім жыл соңында жариялануы мүмкін.
