15 сәу, 2021 сағат 15:51

Миялы қорғанынан табылған сауытты адамның бас сүйегі Мажарстанда қалпына келтіріледі

Атырау облысындағы Миялы қорғанынан табылған темір адамның бас сүйегі Мажарстанда қалпына келтіріледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қырым аралы» ғылыми-реставрациялық зерттеу орталығының жетекшісі Қырым Алтынбековтің мәліметінше, былтырғы маусым-шілдеде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары Миялы қорғанына жүргізілген қазба жұмысы кезінде темір сауытты адамның сүйегін тапқан. Сүйек 3 метр тереңде сақталған. Онымен бірге, ұзындығы 1 метр семсер, табақ пен өзге де заттар шыққан. 

«Темір сауытты адам ел тарихына қосылатын құнды жәдігер. Сол себептен, тарихи жәдігердің құндылығын жойып алмау үшін оған антропологиялық, ДНК зерттеулер жүргізу қажет болды. Зерттеу жұмысы биылғы қаңтарда басталды. Алайда, елімізде сүйектердің морфология және метрика анализін қамтитын антропология талдауын жүргізетін арнайы мамандар жоқ. Соған байланысты Мажарстаннан жаратылыстану саласының ғылыми қызметкерлері шақыртылды. Темір сауытты адамның бас сүйегін қайта қалпына келтіру үшін кейбір бөліктері сол елдегі жаратылыстану ғылыми орталығына жіберілді», - деді Қырым Алтынбеков.