19 нау, 2021 сағат 23:40

Мусин халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы екі мәселеге назар аударды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «құпия сатып алушы» ретінде Нұр-Сұлтан қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бағдат Мусин ондағы 2 мәселеге назар аударды.

«Біріншіден, түбіртекті төлеу барысындағы комиссияның қымбат болуы. Біз төлем жүйесін Kaspi-мен бірге QR-код арқылы біріктіріп бір қадам алға жылжыдық. Келесі қадам - ХКО-да «адами» комиссиялар үшін қызмет көрсетуге дайын оператор екінші деңгейдегі банктердің келуі үшін конкурс өткізу. Қазір болып жатқан жағдай - бұл нағыз халықты тонау. Айталық 450-ден 3 000 теңгеге дейін үстемақы бар. Еліміздің барлық өңірлерінде осы мәселені шілде айының соңына дейін шешу міндеттедім», - деді министр.

Екіншіден, ауқымды миграция. Олар ХКО-ға барғанда кезек пайда болады. Сол кезде бір ғана терезе жұмыс істеп тұрады. 

«Біз мәселені шешу үшін қай уақытта көп немесе аз адам келетінін анықтаймыз. ІІМ-мен бірлесіп мәселені пысықтаймыз, қазірдің өзінде вице-министрмен хабарласып, бірлесіп жұмыс істеуге келістік. 8-ші терезеде көші-қон мәселесімен айналысатын қызметкер қабылдауы керек, ал ол 13:00-ден бастап 16:00-ге дейін болған жоқ! Бұл туралы ІІМ әріптестеріне хабарладым. ХКО-лар, өз кезегінде, еңбек мигранттарының ауқымды ағымын ескере отырып, қызмет көрсету үшін қосымша терезелер ұйымдастыруы керек», - деді Бағдат Мусин.

Министр қазір Мемлекеттік корпорацияның «кадр резервіне» конкурс өткізіліп жатқанын ескертті. «Кадр резервіне» іріктелгендердің ішінен ХКО басшылары таңдалып алынады.