23 қар, 2022 сағат 16:09

"Мынау ұят енді": депутаттар Мәжіліске дайындықсыз келген шенеуніктерге шүйлікті

© Sputnik / Болат Шайхинов

© Sputnik / Владислав Воднев

Мәжілістің кезекті отырысына заң жобасы бойынша баяндама жасап, сұрақтарға жауап беруге келген министрлер мен вице-министрлер депутаттардан сөз естіп қайтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Үкімет мүшелері арасынан мінберге алғашқы болып ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров шықты. Ол ірі қалаларға іргелес елді мекендердің мәселесін шешуді көздейтін заң жобасы бойынша баяндама жасады. Содан кейін депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

© Sputnik / Владислав Воднев

Алайда қандай сауал қойылмасын, министрдің жауабы мәжілісмендерді қанағаттандырмады. Депутаттар нақты жауап ала алмағанын айтып шағымданды. Депутат Еділ Жаңбыршин шенеунікті, тіпті сынап тастады.

"Біз министрдің жауаптарынан нақты ештеңе естіген жоқпыз. Абсолютно. Түк түсініксіз", - деп ашуланды Жаңбыршин.

Төменгі палата депутаттарының көңілін қалдырған үкіметтің тағы бір өкілі төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков болды. Ол парламентке Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы төтенше жағдайлар туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы жайлы баяндауға келген.

© Photo: primeminister.kz

Шенеунік көмекшілері дайындап берген қазақша баяндаманы еш қиындықсыз оқып бергенімен, сұрақ-жауап кезінде тосылып қалды. Сөйтсек, вице-министр қазақ тіліне шорқақ екен. Оның үстіне, қойылған сауалдарға да тұщымды жауап бере алмады. Төменгі палата депутаты Ерлан Сайыров сұрақ қоймас бұрын министрлік өкіліне ескерту жасады.

"Біріншіден, менің ойымша, министрлік өкілдері мәжіліске дұрыстап дайындалып келуі керек. Мәжіліс дегеніміз парламент институты. Бұл жерге келген азаматтар депутаттарда қандай сұрақтар бар, соның анық-қанығына жетіп, ықтимал сауалдарға дайындалып келуге тиіс. Шынын айту керек, мынау ұят енді", - деп ашынды Сайыров.

© Sputnik / Болат Шайхинов