13 сәу, 2021 сағат 16:19

Алаяққа алданған Алтынай

25 жыл бойы Халықаралық компанияда белді қызмет атқарған Алматы қаласының тұрғыны Алтынай Үсенова жанайқайын жеткізді. "Қылмыскер жазасын алып, материалдық шығынды өтесе" дейді ол.

"Істің нақ мән-жайы 8 жылдан бері достық қатынаста болған Олжас есімді азаматқа шүбәсіз сенгендігімнен болды" деп тарқатты ол өз ойын. Күдікті Қырғызстаннан картоп өнімін әкеліп ірі сауда орындарына сатамыз деп сауатты жасалған 1 миллион долларлық келісім-шарттары арқылы Алтынайды өз ісіне сендірген көрінеді. Ұзақ уақыт бойы Сенат аппаратында қызмет атқарған Олжастың әкесі белді, белгілі азаматтардың қатарынан болғандықтан, еш ойланбастан 257 миллионды қолына ұстата салғанына өкінгеннен басқа амалы қалмаған.

Ал, қазір жылдар бойы маңдай терімен тірнекетеп жинаған ақшасының алаяққа қолды болғаны қатты қынжылтқанын алға тартуда. Жиғанынан бөлек екі бірдей пәтерін сатып, бүгінде хостельді паналауға мәжбүр болған Алтынайдың күйі ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық.

Бизнеске инвестиция салып, жасалған әр келісімшарттан 40 пайызды аламын деп сенім артып,  өмірлік қаражатынан айырылған Алтынайдың қазіргі бар арманы - тергеу ісі дұрыс жүргізіліп, қылмыскер жазасын алып, материалдық шығынының өтелуі. Жәбірленушінің адвокаты Ренат Наинбаевтың айтуынша, арманы деп айтудың бір себебі - қылмыстық істің жүргізілуі баяу боп, барлық дәлелдерді қолдарына ұстатқанмен, Олжас Сыдықовтың жазасына қатысты нақты әрекеттердің болмауында.

Күдікті қамауға алынғанымен, жәбірленуші тарапты тергеу барысында әлі күнге дейін толық нәтиже болмауы, дүние-мүлкіне еш бұғат қойылмағандығы алаңдатады. Олар іс бұрмаланып, қылмыскер жазадан құтылады деген қорқыныш барын айтады.

"Менің бар мақсатым - қылмыстық өндірістегі тергеу амалдары толыққанды жүзеге асырылып, өмір бойы жиғанымды қайтару, алаяқтың жазасын алуы, - дейді Алтынай.

Бұл іс болашақта әр адамға сабақ болары анық. Қазіргі заманда алаяқтардың көптігі, жат тұрмақ жаныңдағы жақыныңа сенудің өзі қауіпті екені осы істен-ақ байқалатыны сөзсіз. 

Айта кетейік, Олжас Сыдықов - 25 жыл Сенат аппаратында басшылық қызмет атқарған, қазір орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықовтың жалғыз ұлы. Жәбірленуші тергеу жұмыстарының дұрыс жүрмеуінің себебін әкесінің тікелей ықпалымен байланыстырады.