29 ақп, 2016 сағат 19:52

Мырзажан және ашаршылық: ақиқат пен аңыз

Сәби қолдар елес боп ербеңдейді,
Маяда былтырғы жыл шіріп кеткен.
Көктегі бозторғай үн бір сөнбейді:
Ашу, мейірім, қат, сұлулық –
іркіт неткен?!

Мен мұнымен ешқашан келісе алман,
Мұның бәрін көру тым қиын маған.
Аспанда сайрар шат құс жеңіс алған,
Ал жерде – мұң, аштық, дүйім Ажал…

Татьяна Невадовская

Ашаршылықты ауыздықтау жолдарын іздеу

Ұлы қазақ даласын мұз лебімен қарыған трагедия жалғасып жатты. 1933 жылы халық өте қатты ашықты: азық-түлік көмегі жетімсіз болды. Бұл ұжымшаршылар еді, ал «жекешелер» болса, олардың жағдайы мүлде аянышты. Ана байғұстар үйіне бір уыс дән болса да, әкелуге тырысты. Бірақ, «Үш бас дән туралы» заң бойынша сотқа тартылды, тіпті, кей жағдайларда қорқынышты шулы қол шапалақтаумен ату жазасына да кесілді.

Қазақ ауылдарының басына түскен жан түршігерлік трагедиядан сталинизмнің терең антигумандық идеологиясының көп сырын аңғаруға болады. Өзінің ауқымы жағынан ол халықтың өткен тарихында болған қандай да бір белгілі қасиетті оқиғалардың қандайынан болса да асып түсті. Ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау мен көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды отырықшылыққа көшіру кезіндегі орталықтың шын мәніндегі рұқсаттандырылған үстемдіктері мен белден басушылық әрекеттері ұжымдастырудың апатты зардаптарын одан сайын тереңдетіп жіберді. Осы нәубеттің шерлі шежіресі санада сыңсыған кезде: «Сол уақытта оқиғалардың соншалықты трагедиялық пәрменімен дамуына қалайша жол берілді екен?» деген сауалға қайта-қайта жауап іздеуден бас тарта алмайсың. Сол уақыттағы нақты жағдайлардан, даладағы қанды қасіреттің көлемі қаншалықты өршігіп кеткенімен Сталин мен оның төңірегіндегілердің мүлде бейхабар болғанына, әрі оларға бұрмаланған хабарлар мен ақпараттар жетіп жатты дегенге әлі де сене қою қиын-ау. Әліде, шынымен де, жағдай осылай болды ма?

Л.И.Мирзоян (ол республиканың партиялық ұйымдарын басқаруға енді ғана кіріскен болатын) мен Совнарком төрағасы Ораз Исаев Мәскеуден өлкедегі қалыптасқан жағдай туралы баяндап қайтқаннан кейін, Қазақ өлкелік партия комитетінің кезекті бір бюросында ортаға салған әңгімелеріне қарағанда ахуал расымен де осылай болған сияқты. Өйткені, Л.М.Кагановичтің бұл ахуалды естіген мезетте бұлқан-талқаны шығыпты. Қайта-қайта санын соққылап: «Бұл қалай болған? Бұған қалайша жол берілген? Орталық комитет бұл туралы неге газеттерден білуге тиіс? Бұл кімге тиімді болды?», – деп жанын қоярға жер таппаған-мыс. Жартылай жалған! Өйткені, сол уақыттағы баспасөз өздеріне рұқсат берілген насихаттық міндетті тапсырыс­тардан асып, өз бетінше «ақпараттар» тарата алмайтын. Ал, кімге тиімді болды деп байбаламдағаны – зиянкестерге қарай үйреншікті иек қаққаны да.

Шамасы орталықта отырғандар шын мәнінде апаттың дәл көлемін көз алдарына елестете алмаса керек. Әйтпесе, мұншалықты алдамшы ойын не үшін қажет болды? Бірақ, деректі құжаттар бұған кері дәйектемелер ұсынады. Бәрінен бұрын Қазақстан Совнаркомның төрағасы О. Исаевтың қолымен (1932 жылдың мамыры) жазылған белгілі ресми үкіметтік хабарламада азды-көпті шындыққа сай келетін ақпарат беріледі. Тағы бір болжам бар: Қазақстандағы аштық пен қоныс аударушылық туралы БК (б) П Батыс-Сібір өлкекомының хатшысы Р.Эйхе мен Өзбекстан ЦИК төрағасы Ю.Ахунбабаев та Мәскеуге хабарлаған болатын (Бұл жерде ақылға сиярлық қисын бар: Өйткені, Батыс-Сібір мен Өзбекстан қоныс аударушылардың үлкен тобын қабылдады. Сондықтан, олардың басшылары өздеріне жайсыз жағдаят туралы Сталинді хабардар етпеуі мүмкін емес). БК (б) П өлкелік комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кіріскен күннен бастап Л.И.Мирзоян байланыс желісіне тұрақты «ілінумен» болды. Далалық өлкенің әр түкпірінен мазасыз хабарламалар түсіп жатты. Өлкелік партия комитетінің бюро мүшелері тәулік бойы мәжілістеумен болды: шешімдер қабылдады, облыстық және аудандық комитеттерге жеделхаттар жіберді. Алматыдан нұсқаулар жөнелтіліп жатты: Мирзоян Орталық Комитеттің 1932 жылдың 17 қыркүйегіндегі шешімнің орындалу барысы туралы өлкекомды әр онкүндікте хабардар етіп отыруды өтінеді.

Өлкелік партия комитетінің 1933 жылғы 9 ақпанындағы Л.Мирзоян өткізген алғашқы бюро мәжілісінде-ақ, босқындар жағдайы жан-жақты талқыланып, осыған байланысты тиісті қаулы қабылданды. Мұнда Ақбұлақ, Арыс, Жосалы, Қызылорда, Әулиеата, Шу, Аягөз станцияларында босқындардың біршама көп шоғырланып қалуына байланысты Халком кеңесінің арнайы комиссиясының өкілдерін жіберіп, оларды (босқындарды – Т.К.) орналасатын жерлеріне дейін жеткізу және қажетті көмектер (тамақпен, дәрігерлік, т.б.) көрсету шараларын ұйымдастыру әрекеттері белгіленеді. Қазақтарды станциялардан тезірек алып кетумен бірге темір жол әкімшілігі тарапынан көшпенділерге қатысты болатын ұлы державалық шовинистік көзқарастарға қарсы белсенді күрес жүргізуге көңіл қойылды.

Л.Мирзоян босқындарға көмек корсету, оларды шаруашылыққа орналастыру ісіндегі қиғаштықтардың бірде-біреуіне жол бермеуге тырыс­ты. Мәселен, 1933 жылғы 10 ақпанда Шымкентке жіберген жеделхатында, ол облыс аудандарындағы жергілікті басшылардың көшпелі және жартылай көшпелі қазақ жұртшылығының ауданаралық және аудан ішіндегі жаппай көшіп-қонуын тоқтатуға байланысты ешқандай әрекеттер жасамай отырғандығын сынайды. Аудандық комитеттерді қалай болғанда да қазақ жұртшылығын колхоздарда, ТОЗ -дарда және өздерінің тұрғылықты жерлерінде ұстап қалуға міндеттейді.

Осындай, жергілікті жерлердегі ұйымдастыру ісінің күрделілігіне байланыс­ты 1933 жылы 22 ақпанда БК (б) П Қазақ өлкелік партия комитетінің Л.Мирзоян басқарған секретариаты мәжілісінде «Халық Комиссарлар кеңесінің жанынан босқыншылыққа байланысты барлық мәселелермен айналысатын жеке секретариат құру» туралы шешім қабылданды ( ҚР ПА, 141- қор, 1-тізбе, 5724-іс, 30-31).

Алтаудың хаты

Ол кезеңде жарқын болашаққа деген барлық үміт тек социализм идеяларымен ұштасып жатты. Кейбір жекелеген тұлғалар болмаса, көптеген қазақ коммунистері тоталитарлық ойлау жүйесінің тар шеңберінен шыға алмады. Осының салдарынан олардың көпшілігі білместікпен істесе де әміршіл-әкімшіл жүйемен қосылып, өз халқына зардап тартқызды. Оларға 20-30 жылдардағы кеңестік жүйедегі басшылық орындарда болған қазақ коммунистердің екінші буынын жатқызуға болады.

Көптеген қарапайым адамдар мен ұлттық шет аймақтардағы басшы қызметкерлер өз халқының тағдырына жаны күйзеле отырып «халықтардың әкесіне» хат жазумен болды. Олардың барлығы дерлік Сталиннің әділдігіне, оның алыс аудандарда партияның жолы бұрмаланып жатқанын білмейтіндігіне шүбәсіз сенді. Сондықтан, 20-30 жылдардағы зобалаңның негізгі күнәһары, жендеті сол Сталиннің өзі екендігі олардың ойына кіріп-шықпады.
Ал, ХХ ғасырдың сойқан диктаторын Қазақстан ең алдымен орталыққа ет дайындаушы ретінде ғана қызықтырды. Мұнсыз Сталиннің ұжымдастыру жөніндегі авантюрасының күлі көкке ұшып, оның жалыны өзін де шарпып өтуі мүмкін еді. Сондықтан, басқа халықтардікі сияқты қазақ халқының тағдыры да оны бар-жоғы өзінің саяси әрекеттерін растаушы құрал ретінде ғана алаңдатты.

БК (б) П Орталық Комитеті – Сталинге көшірмесі: БК (б) П Казкрайкомы – Мирзоянға

Біз Қазақстан партия ұйымы қызметінің практикасындағы екі фактіге Сіздердің назар аударуларыңызды өтінеміз:
1.БК (б) ОК-нің 17 қыркүйек 1932 жылғы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын өркендету жөніндегі Қаулысынан кейін бес ай өтті. Бірақ, ешқандай ілгерлеушілік жоқ. Оны кеңірек тарату мен іске асыру әрекеті де байқалмайды. Голюдов пен Құрамысов біржақты және теріс түсіндіруде. Халық комиссарлары комитетінің мәліметі бойынша 800 мың қазақ қожалығынан 1932 жылы көктеміне қарай 450 мың қожалық қалды. Көктемнен бері ауа-көшімен өлім-жітім тоқтатудың орнына күшейіп отыр. Қазақ қожалықтарының саны 45-50 пайызға азайды. ОК-нің бұл шешімін олар өздерінің жіберген қателіктерін ақтау мақсатында пайдалануға тырысуда. «Біз Қазақстанның социалистік құрылысының барлық саласында орасан зор жетістіктерге жеттік. Қазақ уклонистерінің ұйымшыларының және тағы басқаларының топшылауларына қарамастан Орталық Комитет Крайкомның барлық бағыттарын дұрыс деп мойындайды» – делінеді барлық баяндамаларда (Голощекин – Семейдегі, Алматыдағы; Құрамысов – Алматыдағы белсенділер жиналысында).

Сондықтан, біріншіден, мұның бәрі Қазақстан партия ұйымынан үлкен өзара сынды, жансақтықтар мен бұрмалаушылықтың бетін ашуды талап етеді, екіншіден, осы жолдастардың біржақтылығы мынада: манағы қазақ коммунистері қазақ ауылындағы ұжымдастыру, мал шаруашылығын дамыту практикасындағы өлкелік басшылықтың қателіктерін айтса, әлгілер оларды ұлтшылдар, контрреволюционерлер қылып көрсетеді, өздері жергілікті ұлтшылдықпен, бұрынғы жікшілердің көсемдерімен күресуші болып шығады.

Баспасөзде БК (б) П ОК-нің 17 қыркүйек 1932 жылғы Қаулысын іске асыру жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. 3,5 ай өткен соң өлкелік комитет өзі тексергенде мыналар анықталды: көпшілік обкомдарда 3-4 айдың ішінде (шешім қабылданған күннен бастап) ОК-нің мал шаруашылығын, ұжымдастыруды жақсарту және қазақ аудандарына көмектесу жөніндегі шешімдерін іске асыру мәселесінде ештеңе істелмеген – 11 көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауданы жойылған – тек 200-300 қожалықтан қалған. 37 қазақ ауданының тұрғындары арасында жаппай ала көшу мен өлім-жітім жалғасуда (Қазақстанда барлығы 58 таза қазақ ауданы бар).

Екінші факт: Таяуда Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы О.Исаев БК(б)П Алматы обкомының БК(б)П Өлкелік Комитеті және Қалалық Комитетімен бірлескен, өлкелік және облыстық қатысуымен өткен пленумында «ОК мен ОКК-нің қаңтар Пленумының қорытындылары туралы» баяндама жасады. Осы баяндамада, ол Қазақстанның партия жетекшісі жөнінде ОК-нің қаулы қабылдағанын айтты. Оның баяндамасын ешкім талқылаған да, жарыс сөзге шыққан да жоқ. Алдын ала әзірленген қарарды қабылдап қана қойды. Оған өлкелік басшылықтың қазақ аудандары бойынша жіберген қателіктер мен бұрмалаушылығын әлі күнге дейін жасырып жүрген, өзара сыннан қашатын Құрамысов пен Голюдов та қатысты.

Темір жол бойына және Сібір, Қыр­ғызстан, Батыс Сібір және Орта еділге басып кеткен қазақтарды 300000 қазақ қожалығын орналастыру жөнінде бірқатар төтенше шаралар қолданылуға тиіс. Мирзоян жолдасты, барлық мағлұматымен шақырып алып, ауа көшушілер мен ашығушы қазақтардың шын ахуалына көз жеткізілуін және жаңа басшылыққа бұл асыра сілтеуді жоюдың нақты директиваларының берілуін орынды санаймыз.

24.02.1933 ж.

Қызыл профессура институтының тыңдаушылары: Ғ.Ысқақов, І.Қабылов, Ж.Арыстанов, Б.Айбасов, Казкрайкомның Ғ.Тоғжанов және МТБИ студенті О.Жандосов («Қазақ тарихы, 1995, №3, 50-51 бб.).

«Алтаудың хатының» авторлары: Қызыл профессура институтының тыңдаушылары – Ғарифолла Ысқақов, Ілияс Қабылов, Жүсіпбек Арыстанов, Бірмұхамед Айбасов, БК(б)П Казкрайком мүшесі Ғаббас Тоғжанов және Москва геология барлау институтының студенті Оразәлі Жандосов. Соңғысы – белгілі қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың інісі, кейіннен хат авторларының тағдыры тәлкекке ұшырап, біразының атылып, біразының ұзақ мерзімге сотталып кеткені тарихтан мәлім.

Қазақстандағы жағдайды тұрақты түрде және мұқият қадағалап отырған Тұрар Рысқұлов 1933 жылдың 11 наурызында қоныс аударушы қазақтар туралы Сталиннің, Молотовтың, Кагановичтің атына жазған мынадай мазмұндағы баяндау-хабарламасының көшірмесін Л.И.Мирзоянға жіберді.

БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті ж. Л.И.Мирзоянға

Сізге мәлімет үшін менің Сталин жолдастың атына қоныс аударушы қазақтар туралы баяндама-хабарламамның көшірмесін жіберіп отырмын.

РСФСР Совнаркомның жанынан құрылған комиссияның төрағасы ретінде қоныс аударушы қазақтарды орналастыру жөніндегі ұсыныстың жобасын әзірлеу бойынша мен бұл мәселемен тікелей танысып шыққандықтан, БК(б)П ОК-нің тарапынан айрықша нұсқау бойынша қоныс аударушы қазақтарды Қазақстанмен көршілес өлкелерге толық орналастыру мүмкін болмайтынын анықтадым. Мұнан бөлек қоныс аударушы қазақтарды Қазақстанның ішінде түпкілікті орнықтыру Қазақстанның өзіне орталықтың көмегінсіз қиын болатыны даусыз. Сіз өзіңіз де бұл мәселені жуық арада БК(б)П ОК-нің алдына арнайы қоятыныңызға ешқандай күмәнім жоқ. Кеңестердің жүйесі бойынша (атап айтқанда, РСФСР Совнаркомы жүйесі бойынша) бүгінде көшпелі қазақтарға көмек көрсету жөнінде белгілі жағдайда жекелеген шаралар қарастырумен айналысуға тура келуде.

Осындай ой-мақсаттармен мен БК(б)П ОК-не баяндама хабарламаны жазуға мәж­бүр болдым.

Баяндаманың басты мақсаты – басшы жолдастардың осы мәселеге деген назарын күшейту және Қазақстанға көмектесуге себепші болу.

Қазақстанның ішкі ісіне араласып отыр екен деп ойлап қалмаңыз. Менің БК(б)П ОК-не жазу себебім – бұл мәселенің тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен бірге жалпы мемлекеттік те маңызы зор екендігінен.

Сіздің осы баяндаумен танысып шыққан соң ондағы қолтерілген тұжырымдарды ескереді деп үміттенемін.

Коммунистік сәлеммен, Т.Рысқұлов (РГАСПИ, ф.160, оп.1, 1916, л.42-51).

Қолына еркіндік алған соң Л.И.Мирзоян Қазақ өлкелік партия комитетінің басшылық қызметіне бекітілгеннен кейін, араға екі ай уақыт салып, БК(б)П ОК-не өзі баяндама-хабарлама жіберді. Оның бұл хаты партия мен үкіметтің Қазақстан жөнінде ірі шешім қабылдауына негіз болды.

БК(б)П ОК – ж.Сталинге Совнарком – ж. Молотовқа, 1933 жылғы 29 наурыз

Көшпенділермен байланысты жағдай тым қиындап бара жатыр. Мәліметтер бойынша, көшпенділер 71 ауданды қамтып отыр: олардың 50-і – көшпелі және жартылай көшпелі, 21-і отырықшы – егіншілік ауданы. Көшпенділер, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысын, Алматы облысын, Қарағанды облысының оңтүстік бөлігіндегі, Шығыс Қазақстан облысының батысындағы, Ақтөбе облысының оңтүстік бөлігіндегі аудандар мен Батыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарын қамтып отыр. Мұның өзінде де көбірек зардап шегіп отырғандары – жермен айналысатын ескі аудандар: Әулиеата, Талдықорған, Мерке, Талас, Шу, Созақ, Қордай, Іле, Қаратал, Жетіқара, Жетіөзен, т.б. Барлық облыс­тарда (республикадан тысқарыда тұрып жатқандарынан бөлек) көшпелі көңіл-күйде отыр: өздерінің ата-аналарының жерлерін тастап, басқа аудандарға, аудан орталықтарына қарай қозғалуда. Темір жол стансаларында 300 000 адамды біріктіретін шамамен 90 000 шаруашылық адамы – сайманымен жолға шыққан.

Мұнан бөлек, соңғы екі айда Орта Азия мен Сібірден және Еділден қайтып оралған оралмандардың ағыны әлі күнге дейін толастар емес. Көктем шығысымен басқа өлкелерден келетін оралмандардың жаппай ағылуы бұдан да қауыпты болғалы тұр.

Қиындықтың басты себебі – қазірден келіп үлгерген 90 мың көшпенділерде ғана болып отырған жоқ, оның тағы бір себебі – жер-жердегі 100 мыңнан астам қазақ шаруашылықтары аштықтың азабын қатты тартуда, оларға шұғыл көмек қажет!

Шындығына келсек, осы көшпенділер де, жергілікті халықтың арасындағы ашығушылардың да көпшілігінде ешқандай малдары жоқ. Малдар, оның ішінде жұмысқа жегілетіндері де құртып жіберілген. Орта Азиядан оралғандары бар, ел ішінде қалғандары бар, аштықтан арықтап, азып-тозып кеткен. Сондықтан да, олардың арасында жаппай ауырғандар көп және өліп жатқандары да аз емес.

Көшпенділердің мұншалықты ауқымда көбейіп кетуіне байланысты қаңғыбастық көпшілік сипат алып барады. Бүгінге дейін қараусыз қалған 57 мың баланы тауып алып, балалар үйлеріне орналастырдық. Қаңғыбас балалардың келуі әлі де тиылар емес. Балалардың арасында жаппай ауру мен өлім көп.

Бұл халықтың ішінен бүгінде 105 мың шаруашылық азық-түлік көмегін пайдаланады немесе 330-350 мың жан деген сөз бұл. Бірақ, соңғы уақытта ашыққандардың көбейіп кеткендігінен біз азық-түлік көмегінің ауқымын кеңейтуге мәжбүрміз.

Қоныс аударушылықпен күрес жөнінде біз қандай шаралар жүргізіп жатырмыз?
1. Туған жерлерін тастап, басқа жақтарға көшіп жатқан адамдар санының көбейіп кетпесі үшін азық-түлігі жоқ ауылдарға, ұжымшарлар мен Тоздарға азық-түлік, нан жеткізіп тарату арқылы қажетті шаралардың бәрін жасап отырмыз…
2. Оралмандардың біраз бөлігі өздерінің атақоныстарына қайта барып орналасуда, сондықтан, ол аудандарға да азық-түлік көмектері жеткізілуде…
3. Ұжымшарларда, ауылдарда, ТОЗ-дарда ауыл шаруашылығы жұмыстарына атсалысатын қоныс аударушыларға нанның берілуін қатаң қадағалайтын тәртіп орнаттық.
4. Орнығып қалған көшпенділерге жүк тарататын жұмысшы малдарды сатып әперу жолдарымен көмек көрсету шаралары ұйымдастырылуда.
5. Бүгінге дейінгі босатылған 1 миллион пұт азық-түліктік көмектің 700 000-ы жұмсалынды. Қараша айында мемлекеттен азық-түлік көмегін 46 000 шаруашылық алды және бүгінгі күні, 15 наурызда 105 000 шаруашылық алды және қоныс аударушылар санының одан әрі көбейіп кетпесі үшін, біз контингентті 150 000-ға дейін көбейтуге мәжбүр болып отырмыз.
6. 160 000 шаруашылықты 3-3,5 ай уақыт бойы ашықтырмай, әр шаруашылыққа 1,5-2 пұттан деп есептегенде, бұдан бұрын босатылған мөлшерге қосымша тағы да 1 миллион пұт астық керек болады.

Осы жағдайға байланысты, біз Ор­та­лық комитетке мынадай ұсыныстар беруге мәжбүрміз:

1. Өлкеком азық-түлік көмегі ретінде 1 миллион пұт тары бөлуді сұрайды.
2. Қоныс аударушыларды орналастыруға 6 миллион сом көлемінде қаржы бөлінуін сұраймыз.
3. Совинторг арқылы Батыс Қытайдан мал сатып алу туралы мәселе қоямыз.
4. Нарком снабтың қаңғыбас балаларға нанды қосымша 20 000-ға молайтып, жалпы санын 60 000-ға жеткізуді сұраймыз. ЦИК Балалар комиссиясы, Наркомпрос мен наркомздрав балалар үйлерін ұйымдастыруға және балаларға қажетті қызметтер көрсетуге қаржы бөлуді ұлғайтуға міндеттелсін.
5. Ауруға шалдыққандар саны айтар­лықтай өсіп отыр. Сондықтан, бізге шұғыл түрде дәрі-дәрмектік көмек ұйымдастыру (тым болмаса 200 медициналық қызметкерлер жіберілсе) Наркомздравқа міндеттелсін.
6. Көрші өлкелердің көшпенділері кері қайтаруы тиылмай отырғанына байланысты, Орталық Комитеттен Орта Азия, Сібір мен Еділ бойын көшпенділерді тұрақтатып, орналастыруға және оларды Қазақстанға қайтарып жіберуді тоқтатуға міндеттеуді сұраймыз.

БК(б) П Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Л.Мирзоян (РГАСПИ, ф.558, оп.1, д.754, 102-106).
БК(б)П ОК-нің Қазақстан туралы шешімі

Л.И.Мирзоянның Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы істің ахуалы туралы хатын алғаннан соң Сталин Орталық комитет хатшысы, Саяси бюро мүшесі Л.М.Кагановичтің төрағалығымен арнайы комиссия құрды. Оның құрамына БК(б) П ОК Саяси бюросының мүшелігіне кандидат А.И.Микоян, БК(б) П ОК-нің мүшелігне кандидаттар, одақтық наркоматтардың басшылары Н.И.Ежов, Д.Е.Сулимов, Я.А.Яковлев, Г.П.Пятаков, сонымен бірге, Қазақстанның өкілдері Л.И.Мирзоян мен О.Ж.Исаев енгізілді. Комиссияның кеңейтілген құрамына мыналар кірді:

Жер халық комиссары – Яковлев, тамақ өнеркәсібі халық комиссары – Микоян, Теміржол халық комиссары – Благонравов, Ауыр өнеркәсіп халық комиссары – Орджоникидзе, Мәдениет жөніндегі халық комиссары – Стецкий, Қаржы халық комиссары және басқа да халық комиссариаттарының өкілдері бар.

Комиссия 15 күн бойы қызмет атқарды. Левон Мирзоян мен Ораз Исаев күн сайын қауырт жұмыс істеді – барлық комиссарларға, комиссия аясындағы алқаларға, наркоматтарға жүгірумен болды. Сталинмен және де басқа да партия, кеңес басшы қызметкерлерімен кездесіп, сұхбаттасып отырды, Қазақстан Республикасының өзекті мәселелерін шешті.

Комиссияның міндетіне тағы бір маңызды мәселе артылды: ол – Қазақстанда жіберілген қателіктерге баға беру.

Каганович комиссияның құжаттары мен материалдары арнайы сақтау қорларындағы қалыңдығына балта батпас темір сейфтерде «Өте құпия» белгілермен 75 жыл бойы сақталып, өз сағатын күтумен болды. Міне, енді сол сағаттың тілі соқты. Олар көпшіліктің игіліне айналып, осы уақытқа дейін белгісіз болып келген көптеген кеңестік кезеңнің шындықтарына сәуле түсіруде. Осынау баға жетпес тарихи деректерді оқи отырып, қайшылықтары көп сол драмалық күрделі кезеңнің басты кейіпкерлерімен бетпе-бет келгендей боласың.

1933 жылдың 26 маусымында Алматыда Л.И.Мирзоян Қазақ өлкелік партия комитетінің шұғыл мәжілісін шақырады. Күн тәртібінде қаралған мәселе «БК(б)П ОК-нің Қазақстан туралы шешім» болды. Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Голюдов БК(б) П ОК шешімінің мәтінін оқып шықты. Сөйтті де, сөзді Л.И.Мирзоянға берді.

Л.И.Мирзоянның сөйлеген сөзін ешқандай өңдеусіз келтіріп отырмыз. Өйткені, бұл керемет құжаттан сол бір қиын да, қасіретті жылдардың айқын көріністерін елестетуге болады. Мирзоян жолдас.

…Біз Орталық комитеттің алдына нан салығы туралы мәселе қойғанбыз, дегенмен комиссия бұл мәселені күн тәртібіне қойған жоқ. Мен мәжіліс кезінде алдын ала Сталин жолдаспен астық жинау туралы сөйлестім. Ол бұл мәселені кейінірек қарайтынын айтты.

Біздің ұжымшарлар мен жекешелер алғашқы қабылданған жоспарлары бойынша 36 600 000 пұт беруге тиіс болатын, соманы 30 млн. пұтқа дейін кемітіп жіберді, яғни, 6,5 млн. пұтқа.

Одан кейін – екінші, 6,4 млн. пұт қарыз астық келесі жылға ауыстырылды. Біздің өтінішіміз бен ОК-тің шешімінің арасындағы алшақтық – 1 млн: біз 17,5 миллионға төмендетуді сұраймыз, ал, ОК 16 600 000-ға төмендетті.

Екінші – тракторлар туралы. Біз 3 мың трактор туралы ұсыныспен барғанбыз. Жолда біз бастапқы ойымызды өзгерттік. Сөйтіп, 3,5 мың трактор жөнінде мәселе қоямыз деп шештік. Сталин жолдас былай деп мәлімдеді: «Сіздерге тракторлармен көмектесеміз, бұны білеміз», 3,5 мың трактор көктемгі егістік науқанына жеткізіледі».

Мәшинелер туралы мәселені де қойғанбыз. Бұл мәселеге байланысты мен Кагановичпен және Яковлевпен сөйлестім. Яковлев бізге шамамен 700 мәшине беретінін айтты.

Комбайндар жөнінде. Комбайнды біз қанша сұрасақ сонша берді. Біз комбайндарды жүргізетін мамандар дайындап шығаруға міндеттедік.

Ұсақтаушыларды қанша сұрап едік, сонша берді. Бірақ, мынадай шартпен: біз «Новый быт» кеңшарынан 200 тонна кендір жіберуге тиіспіз.

Микоянның комиссиясының қандай шаралар белгілегені туралы. Келесі жыл­дан бастап май шайқайтын, темекі фабрикасының құрылыс жүргізуге, жеміс-жидектер мен көкеністерді қайта өңдеу зауытының, қант зауыттарының құрылысын бастауға кірісетін болды.

Балқаштағы темір жол туралы мәселе көтерген едік. 107 шақырымдық бұл келесі жылы іске қосылатын болды. Орал, Ленгер тармақтары жөнінде шешім қабылдады.

Сондай-ақ, біздің мұнайға байланысты істеріміз туралы да сөйлестік. Осы мақсат үшін қыруар қаржы, техника, қондырғылар бөлінетін болды. Ембі кәсіпшілігін дамыту қолға алынатын болды.

Ақтөбе химия құрылысы жайында. Сталин осы жылы бұл құрылыстың аяқталып, іске қосылатынын айтты.

Сондай-ақ, біздің құрылыс істеріміз жайында да айттық. Бұл мәселе жөнінде біз Наркомфинде Молотовпен және Сулимовпен сөйлестік. Нысандарға қатысты Молотов жолдас уәде берді. Алматыдағы қонақ үйдің құрылысын аяқтауды, клуб пен театр салуды міндеттемесіне алды.

Стецкий жолдас ұлттық театрға, киноға және басқа да мәселелерге қолдау көрсетуге уәде берді.

Тақыр даланы суландыру жөнінде мәселені – Қаржы халық комиссариаты мен Жер халық комиссариаты 45 мың гектар жаңаша суландыруды өз мойнына алды. Қаратал күріш кеңшарының құрылысына қаржы бөлінетін болды.

Рубцев-Өскемен жолы туралы айтқан жоқпыз, өйткені, біз бұл жолдың құрылысына қарсымыз.

Түсті металлургия мәселесін қойған жоқпыз, өйткені нені талап етуді жақсы білмейміз. Сондықтан, Орджоникидзе жолдаспен былай келістік: Шахмұратов келеді, онымен бірге бәрін аралап шығамыз. Не керек екенін қараймыз. Сосын мәселе әзірлеп, Ауыр өнеркәсіп Наркоматына шығарамыз.

Арнайы индустриалдық институт ұйым­дастыру жөнінде де мәселе тұрды. Біз күн тәртібіне екі ВТУЗ (техникалық жо­ға­ры оқу орны – Т.К) туралы мәселе шы­ғарғанбыз.

Одан кейін, кеңес қызметкерлерін дайындайтын курс ұйымдастыру жөнінде мәселе қойып едік, бізге ешкім де қарсы болмады. Келесі жылдан бастап осы құрылыстардың бәрін бастауға уәде етті. Содан кейін, бізге әр облыста бір-бірден Комвуз бен Ауыл шаруашылығы мектебін қосты. Бұған дейін, ол бізде үшеу болатын, енді әр облысқа бір-бірден қосылып отыр.

Кагановичтің комиссиясында мамандар жөнінде арнайы комиссия жұмыс істеді. Оның бағдарламасы да ауқымды. Бізге қазір шамамен 40 партия қызметкері қажет. Олар енді бір жарым-екі аптадан кейін келуге тиіс. Мұнан кейін біз кеңес және шаруашылық қызметкерлері туралы да мәселе қойғанбыз. Бірақ, бұл мәселеде бізді біршама түзетіп, шамамен, 1000 адамға дейін таңдап алып, оларды МТС-терге, астық кеңшарларының, мал шаруашылығы кеңшарларының директорлары етіп жіберіңдер деген ұсыныс айтты. Олар – зоотехниктер, мал дәрігерлері, аграномдар, дәрігерлер, ауатком төрағалары, ОблЗУжұмыскерлері, кеңестік аппарат қызметкерлері.

Тағы да бір ескертпені айтуға тиіспін. Мәскеуде бізге деген қарым-қатынас жақсы. Тіпті, мұншалықты ықыласты қарым-қатынасты күтпеген едік. Кейде олардың көмектескендеріне ыңғайсызданасың да, сәл-пәл болса да меселімізді қайтарса қайтер еді деп…

Біз аз сұрасақ, олар артығымен көп береді. Мысалы, велосипедтерге байланысты: тым болмаса мың дана берсе екен деп сұрадық, ал, олар екі мыңнан берді. Ұйымдардың бәрі, мекемелердің бәрі, наркоматтардың бәрі Қазақстанның жағдайын түсінеді, көмектесу керек екенін біледі. Бұл ниет барлық ұйымдардың, барлық мекемелердің, ОК-тің, ОК бөлімдерінің, аппаратының жұмыстарынан байқалады. Қазақстанға көмектессек, мүмкіндігінше көбірек көмек, біз сұрағаннан да үлкен көлемде көмек берсек екен дейді.

Мәжіліс кезінде Сталин: «Бұл қиын жағдайдан қандай мерзімде шыға аласыздар?» деді. Менің айтқаным мынау болды: «Ретке келтіру үшін бір немесе екі жыл, бәлкім, тіпті, үш жыл жұмыс істеу керек» дедім.

Ол менің бұл жауабыма орай: «2-3 жыл керіліп-созылуға мүмкіндік жоқ. 1-1,5 жыл ішінде біз Қазақстанды аяғынан тұрғызып жіберуіміз керек, кеңестік өмір жағдайында мұндайға төзуге болмайды». Бұл да мінездік кескін. Осыдан барып барлық ұйымдардың біздің елді тезірек аяғынан тұрғызып жіберсек деген көңіл-күйін аңғаруға болады.

Мына туралы да айтты: Талап өлкеден сұралады, кемшіліктер мен қателіктерді түзету сұралады. Бірақ, облыстардан да талап етіледі, облыстық хатшылар біліп жүрсін, ОК олардан да нақты жұмысты талап етеді. Ендігі жерде бәрі де Қазақстан ұйымдарының қалай жұмыс істейтініне байланысты болмақ деді ол өз сөзінде.

Мен Алматыға қайтардың алдында Сталинге жолығып шықтым. Ол «Сіздерге жақсы көмектесті ме?» деп сұрады. Мен өзімнің жауабымда: «Егер де, Қазақстанның бүгінгі жағдайын алатын болсақ, жақсы көмектесті деуге болады. Бірақ, көп нәрсе Қазақстанда болған жоқ және жаңадан жасау қажет болады» дедім. Ол: «Келісемін, бірақ, осындай жағдайдың өзінде ОК сіздерге көмектесе алды ма, жоқ па, сіз қанағаттана алдыңыз ба?» деп тәптіштейді. Ал, мен бұған не айта алар едім?! Әрине ризалығымды білдірдім. «Сізге үлкен көмек көрсетілді, бұдан әрі де көмектесе береді, әлі көптеген мәселелерді жүйелі түрде әзірлеп, комиссияның қарауына жіберетін боламыз. Комиссиялар Қазақстан шаруашылықтары аяғынан тұрған кезге дейін жұмыс істей береді» деді. Біз осыған келістік: өнеркәсіп пен шаруашылық құрылыстары мәселелерін, коммуналдық шаруашылық және т.б. біраз мәселені дайындауға уәде бердік, біз. Мұның бәрін қосымша енгіземіз. Ол комиссияның көмектесетінін айтты, бірақ, мұндай көмек берсе де, Орталық Комитет сіздерден рес­публикада басқаша жағдай орнатуды қатаң талап етеді деп ескертті.

Міне, атап айтқанда, Мәскеуде болған жайттардың ұзын-ырғасы осылай. Бәрін тәптіштеп, жіпке тізгендей етіп жеткізіп бере алмаймыз. Өйткені, біз 15 күн бойы тым жұмысбасты болдық – комиссиялар мен алқалардың бәріне жүгірумен болдық. Шамамен айтқанда, партия және кеңес ұйымдарының басшыларымен арада болған әңгіме осы (Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты, 1541-қор, 1-тізбе, 5776-іс, 179-192 беттер).

Жоғарыдағы келтірілген құжаттардан көріп отырғанымыздай, заманауи мақсаттарда құрылған алқа, Қазақстан ту­ралы мәселені кешенді қараған. Л.И.Мирзоян бастаған қазақ өлкелік пар­тия комитетінің өзекті мәселелерді нақ­ты қоя білуінің нәтижесінде толық қанағаттанарлық жауаптар алынды.

БК(б) П ОК өзінің шешімінде Қа­зақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси өрлеуінің барлық жағын ескере білді: тұқымдық дәнмен және ауыл шаруашылығы техникасымен, нанның, майдың және еттің мөлшерін арттыру, жаңа зауыттар мен фабрикалар салу, мұнай өнеркәсібін дамыту, теміржолдар төсеу, тамақ өнеркәсібі ошақтарын дамыту, балық шаруашылығын қалпына келтіру, жаңа жоғары оқу орындарын ашу, әлеуметтік мәдени және тұрмыстық мақсаттағы нысандар салу және т.б.

Жалпы алғанда, бұл Қазақстанды өркенді дәуірлетуге бағытталған ұлы бағ­дарлама болды. Басқаша айтқанда, бұл қазақ халқының мемлекеттігін нығайтудың басы еді.

Республика партия ұйымының алдында ашаршылық пен суық жұттан қираған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жөнінде қиын да күрделі міндеттер тұрды. Адамдардың жоғалтып алған сенімі мен үмітін қайта оятып, олардың бақытты да бақуатты өмір сүруі, өздерін туған елдің адамы ретінде де, туған жердің қожасы ретінде де терең сезінуі үшін алғышарттар жасау мәселесін шешу керек болды.

Левон Исаевич Мирзоян үлкен қана­ғаттанғандық сезіммен былай деп атап көрсетті: «Орталық комитет бізге басқа ешбір облыстарға немесе бірде-бір респуб­ликаға берілмеген көмек берді. ОК бізге үлкен көмек көрсетіп отыр. Ендігі жерде бәрі де біздің жұмысты қалайша ұйымдастырып, жүктелген сенімді ақтай білуімізге байланысты».

БК(б) П ОК және Сталиннің жеке өзі, Л.И.Мирзоянның және бүкіл қазақстандық партия ұйымдарының алдына өте жауапты міндеттер қойды. Бұл Л.Мирзоянның саяси кемелденуіне үлкен емтихан-сынақ болатын. Бұл – оның республиканы экономикалық апаттан алып шығу, Қазақстанның көп миллиондық халқын ырғақты өмірмен қайнаған тіршілік арнасына салу бағытында, бұған дейін бай жинақтаған тәжірибесін, қабілеттері мен қасиеттерін жаңа сапада сарқымақ ниетпен, білек күшін сыбана сілкінген, ертеңгі күнге қазақ халқымен бірге зор үміт және сеніммен қараған өткелді кезең еді.

Тілеу КӨЛБАЕВ,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор

«Ақиқат»