18 нау, 2026 сағат 14:39

Неке заңы жаңарды: әке мен ана заңда қорғалатын болды

 

Фото: soyle.kz


Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отбасы саясатына ерекше мән берілетінін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін 5 жаңа және қолданыстағы 8 конституциялық заңға, сондай-ақ 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге өзгерістер енгізілетін болады. Сол 60 заңның 20-сы азаматтық қоғамды дамытуға бағытталмақ.

 

Сонымен қатар, мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты салаларда — мәдениет, ақпарат, БАҚ, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысы, дін, жастар және отбасы саясаты реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

 

Аида Балаева атап өткендей:

 

«Берік отбасы қуатты қоғамның іргетасы. Конституцияда неке мен отбасыны, ана мен әкені, балаларды қорғау қағидаты бекітілген. Осыған байланысты мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнаманы, соның ішінде «Неке және отбасы туралы» кодексті жетілдіру бойынша ұсыныстар пысықталып жатыр».

 


Министрдің айтуынша, БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасады. Бұл сөз еркіндігін күшейтіп, цензураға жол бермеу, азаматтардың ақпарат алу және тарату құқығын нақты әрі жан-жақты қорғау мақсатында жүргізілетін шаралар.