28 там, 2019 сағат 17:12

Нұр-Сұлтан әкімі қанша жалақы алатынын айтты (Видео)

Елорда басшысы Алтай Көлгінов "Хабар 24" арнасындағы "Интервью" бағдарламасында қонақ боп, жалақысы қанша екенін, сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшасын кім жүргізетінін айтып берді, деп жазады Sputnik.

"Батыс Қазақстан облысының әкімі болған кезде жалақыңыз 762 мың теңге екені туралы ақпарат шықты. Елордаға келген соң көбейді ме?" – деп сұрады тілші Көлгіновтен.

"Жалақым бұрынғыдай. Дегенмен еңбек өтіліне байланысты жоғарылайтынын білесіз ғой. Бірдей жұмыс болғанымен, елордада ауқымдырақ", - деп жауап берді қала басшысы.

Оның айтуынша, астанаға отбасымен бірге көшіп келіпті.

"Бұрын мұнда 11 жыл тұрған едім, сол себепті туған қалам сияқты. Отбасым осында, 1 қыркүйекте балаларым сабаққа барады", - деді ол.

Сондай-ақ әкім әлеуметтік желідегі парақшаларын өзі жүргізетінін айтты.

Алтай Көлгінов 2019 жылы маусымда елорда тізгінін қолға алды. Оған дейін Батыс Қазақстан облысы әкімі болып істеген еді.