
Сәуір айында елордада Ashyq жобасы арқылы үй карантинін бұзған 189 адам анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус инфекциясын тіркеудің жалғасуының негізгі себептері – тұрғындардың карантин шараларын сақтамауы, атап айтқанда адамдар көп жиналатын орындарға бару, маска тақпау және негізгі себептердің бірі амбулаториялық науқастардың да, жақын байланыста болған адамдардың да үй карантині режимін сақтамауы болып отыр», - деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингіде.
Оның айтуынша, үй карантинінде отырған кей адамдар тыйым салынғанға қарамастан талапты бұзып жүр.
«Бұл олардың Ashyq жобасына қатысатын нысандарға баруымен расталып отыр. Сәуір айында ғана үй карантинін бұзушылардың 189-ы, оның ішінде 89 науқас және 100 байланыста болған адам анықталды», - деді Сархат Бейсенова.
