26 нау, 2021 сағат 13:10

Нұр-Сұлтанда сыныптағы бала санын азайту мәселесі қаралып жатыр

Елордада оффлайн режимде оқитын сыныптардағы бала саны азайтылуы мүмкін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан 10 наурыздан бері «қызыл аймақта» тұр. Біз жаңа тоқсаннан бастап сыныптағы бала санын азайту мәселесін қарастырдық. Әсіресе жоғары сыныптарда – 15 балаға дейін және төменгі сыныптарда егер «қызыл аймақта» қалатын болсақ, бесінші сыныпқа дейін бала санын азайту мәселесі қаралады. Балалар каникулға шыққан кезде бұл мәселе талқыланып жатыр», - деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте. 

Айта кетейік, елордада қашықтан оқитындар арасында КВИ жұқтыру жағдайы көбейген. 

Оқу жылының басынан 25 наурызға дейінгі CОVІD-19 жағдайы бойынша оқушылар арасында 1590 жағдай тіркелді. 

Оның ішінде оффлайн режимде оқушылар арасында 30,6% (1103 жағдай), қашықтан оқитындар арасында – 69,4%. 

Оқу жылының басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 92 мектеп карантинге жабылған.

Бұған дейін Сархат Бейсенова елордадағы КВИ жұқтыру статистикасын жариялаған еді. Елордада коронавирус жұқтырғандар күніне 150-ден 280-ге дейін тіркеледі.