08 ақп, 2020 сағат 15:35

Нығматулин Қордайда көз жұмған марқұмдардың туыстарына көңіл айтты

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Қордайдағы жаппай төбелесте қаза тапқан марқұмдардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қордайда қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын және зардап шеккендердің сауығуын тілеймін. Жағдай ел басшылығының бақылауында. Бір топ мәжілісмендер үкіметтік комиссиямен бірге оқиға орнында жұмыс істеуде. Біздің мақсатымыз арандатуға жол бермей, тұрақтылықты сақтау» деп жазды Мәжіліс төрағасы Twitter парақшасында.

Бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғанын хабарлаған болатынбыз.

Көп уақыт өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.